Қазақстан-үнді ақпараттық технологиялар орталығының жұмысы жанданатын болды

07.12.2010

Көрулер: 3229

Қазақстан-үнді ақпараттық технологиялар орталығының жұмысын жандандыруды ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыла көтеру керек. Мұндай тұжырым 6 желтоқсан күні университетте өткен Ректорат мәжілісінде айтылды.

Мәжілісте ҚҮАТ орталығының директоры ЕрланМақашев аталмыш мекеменің жұмыстарымен таныстырып өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан 2004 жылы ашылған Қазақ-Үнді ақпараттық технологиялар орталығы – ТМД білім беру кеңістігінде NIIT (National Institute of information tehnologies) компаниясымен бірлесіп жасалған жоба негізінде ашылған бірінші оқу орталығы. NIIT – Үндістанда ғана емес, сондай-ақ бүкіл Азиядағы IТ білім беру нарығына қатысушылар арасында көшбасшысы болып табылады. NIIT әлемдегі IDC халықаралық консалтингті компаниялар рейтингі бойынша алдыңғы қатарлы 15 компания тізіміне енген. Соңғы жылдары NIIT осы рейтингте көшбасшылық орынға ие. Орталықта білім алғандарға оқу аяқталғаннан кейін NIIT-тің халықаралық үлгідегі дипломы мен сертификаты беріледі. Қазақ-үнді ақпараттық технологиялар орталығының білім беру бағдарламасы ISO 9001 халықаралық стандартына сәйкес келеді.

Директордың баяндауынша, құрылғалы бері 140-тан аса тыңдаушыны, IT компаниялардың, банктердің, жоғарғы оқу орындарының өкілдерін оқытқан бұл мекеменің бүгінгі қал ахуалы мәз емес. Технологиялық жабдықтар ескірген, тыңдаушылар саны күннен-күнге азайып келеді. Ал мұндай мәселелердің алдын алу үшін ҚҮАТ орталығының басшысы басқа да үнді ақпараттық орталықтарымен әріптестікті нығайтып, NIIT-пен байланысты күшейту керектігін алға қойды. Орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып, шешуді қажет ететін мәселелерге назар аударған ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов: “Қазақстан-үнді ақпараттық технологиялар орталығында мұндай түйткілдердің кездесуі бұл мекемедегі менеджмент саясаттың дұрыс жетілмегендігінен хабар береді. Алдымен менеджменттік қызметті жақсартып, бұл орталықты қайта қалыптастыру керек”, - деп бұл орталықтың жұмысын жолға қойып, жандандыру керектігін қадап айтты. ҚазҰУ-дың Оқу жұмысы жөніндегі проректоры Мұрат Орынханов, Жану проблемалары институтының директоры Зұлқайыр Мансұров бастаған университеттің бірнеше ғалымдары да бұл ақпараттық орталық жұмысын тоқтатпау керектігін айтып, бойына қан жүгіртуде ұжым болып ат салысуды ұсынды.

Ректорат мәжілісі ҚҮАТ орталығының жұмысы қайта жанданып, оның білім және ғылым кеңістігінде игілікті істерге мұрындық болуға деген үмітін қайта оятты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі