Қазақстандық ғалымның кітабы Web of Science беделді халықаралық деректер базасына енді

17.06.2019

Көрулер: 1277

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтановтың монографиясы «Mathematical Methods and Models in Economic planning, Management and Budgeting» Web of Science Core Collection жетекші ғылыми жарияланымдарының беделді халықаралық базасына енгізілді.

«Әлемнің үздік ғылыми басылымдарды индекстейтін беделді халықаралық деректер базасына танымал қазақстандық ғалымның монографиясын енгізу Қазақстанның жоғары білімі мен ғылымының кезекті жетістігі, жаһандық ғылыми кеңістіктегі зерттеудің өзектілігі мен жоғары маңыздылығының дәлелі», – деді сертификатты тапсыру рәсімінде Сlarivate Аnalytics компаниясының Ресей мен ТМД елдеріндегі басқарушы директоры Олег Уткин.

Атап айту керек, бұған дейін «Springer Nature» баспасы шығарған Ғалым Мұтановтың ғылыми еңбегі ең сұранысқа ие кітаптардың тобына кірді. Ал оның электронды нұсқасын 13 мыңнан астам пайдаланушы жүктеді, бұл ең үздік көрсеткіштердің бірі.

Аталмыш монография өз уақытында экономика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Джон Нэштың жоғары бағасын алды. Белгілі ғалым Мануель Альберто М. Феррейра кітап экономистер, математиктер мен басшылар үшін таптырмас ғылыми жұмыс екенін атап өтті.

Web of Science Core Collection - Сlarivate Аnalytics (бұрынғы Thomson Reuters, АҚШ) агенттігі әлемнің ғылыми басылымдарының жетекші деректер базасы болып табылады. Онда 18 000-нан астам журнал индекстеледі, оның ішінде 12 000-нан астам импакт-факторы бар.

 

www. kaznu.kz