Химия ғылымының майталманы студенттерге дәріс оқыды

03.12.2010

Көрулер: 3073

3 желтоқсанда химия факультетінде х.ғ.д., профессор, Минералды ресурстар халықаралық академиясының академигі, ”Ғылым” аталымы бойынша “Платиналы Тарлан” тәуелсіз сыйлығының лауреаты Хабибулла Құсайынұлы Оспанов студенттерге “Физикалық және химиялық үдерістерді басқару теориясы және оны ғылым және техника саласында қолдану” тақырыбында дәріс оқыды.

“Табиғатта өндіруге қиындық туғызатын минералды заттар бар. Мәселен, бір затты екінші затпен араластырғанда бір-бірін сіңдірмейтін заттар кездеседі. Соларды алу үшін арнайы ғылыми ізденістер керек. Осы орайда гиббс пен сұйықтықты алып арнайы тәжірибе жасап көрдім. Тәжірибе барысында үдерістің жылдамдағанын байқадым”, - дейді профессор. Осылайша өзінің ғылыми тәжірибесімен бөліскен академик химия факультетінің студенттеріне физикалық және химиялық үдерістерді басқарудың қыр-сырын айтты.

Аталмыш факультетінің жас ғалымдары дәріс барысында көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап алып, химия саласындағы соңғы ғылыми жаңалықтардан хабардар болды.

Сондай-ақ, 1100 ғылыми еңбектің, 22 монографияның, 20 оқулықтың т.б. ғылыми жаңалықтардың авторы Хабибулла Құсайынұлы Оспанов үлкен ғылыми жаңалықтарға жетуде ұжымның қолдауы сүбелі жетістіктерге жетелейтіндігін және өзінің халықаралық ғылыми жаңалықтарға автор болуында ұжымдық үлестің зор болғандығын ризалықпен атап өтті.

Химия факультетінің деканы Ердос Онғарбаев: “Бұл дәрісті химия саласының жас ғалымдары көптен күтті. Қазақстан Республикасының Ғылым және білім министрі Бақытжан Жұмағұлов кезінде Хабибулла Құсайынұлына студенттер алдында дәріс оқып, шығармашылық, мол тағылым-тәжірибесімен бөлісуді өтінген еді. Бүгін сол дәрістің сәті туды. Химия факультетінің жас ізденушілері үшін бұл дәріс – үлкен сабақ”, - деп ағынан жарылды. Сондай-ақ, профессор Хабибулла Құсайынұлына жастармен бөліскен ғылыми жаңалықтары үшін алғысын жеткізіді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі