Орта Азияда білім сапасы мен аккредитациялауды нығайту жолдары

19.11.2010

Көрулер: 2727

19 қараша күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ТЕМПУС жобасы бойынша «Орта Азиядағы сапа мен аккредитация кепілдемесінің жүйесі» (CANQA) тақырыбында халықаралық конференция өтті. Шараны «EdNet» қауымдастығы мен ТЕМПУС ұлттық кеңсесі ұйымдастырды. Бас қосуға Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасының Білім және ғылым министрліктерінің өкілдері, Франция, Бельгия, Финляндия, Польша, Испанияның еуропалық мамандары мен сарапшылар қатысқан болатын.

Қонақтарды ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев қарсы алып, университет қызметі жөнінде қысқаша баяндап берді.

- Орта Азия елдері үшін еуропалық тәжірибенің маңызы зор. Бүгінгі таңда ҚазҰУ классикалық үлгіден ғылыми бағытқа қарай бет алып келеді. ТЕМПУС жобасы болса осы істі жемісті атқарып шығуда зор үлес қосатындығына сенімдімін. ТЕМПУС жобасы бүкіл дүние жүзіне танымал болғандықтан біз үшін аса тиімді. Алдағы уақытта бірлескен жұмысымыз жемісті болатындығына үміттенем, - деді ол.

ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы аккредитациялау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның (Қырғызстан) бастығы Бақытбек Ысмайылов бүгінгі жаһанданудың кең етек жайып келе жатқандығын және білім саласына ықпалын айтты. Оның мәлімдеуінше, білім саласын құрайтын негізгі үш элемент бар: аудит, сертификат және аккредитация. Соның ішінде нақты жасалып жатқан іс-әрекеттерге баға беретін аккредитация жүйесіне ерекше назар аудару керек. Болон үрдісіне тиесілі бұл жоба білім саласындағы бірқатар өзекті мәселелерді шешетіндігіне сенім артты.

- 1999 жылы бүкіл дүние жүзінде білім сапасын арттыру мақсатында Болон үрдісі құрылған еді. Сол кезеңнен 2010 жылға дейін арнайы бағдарлама қабылданып, талаптары негізінде бірқатар қомақты жұмыстар атқарылды. Дәл осы бағытта Болон үрдісінің мүшесі ретінде CANQA жобасы қызмет атқарып келеді, - деді жоба үйлестірушісі Карлос Мачадо (Бельгия) қызмет бабын таныстыра отырып.

Бүгінгі таңда Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанда ТЕМПУС жобасының үш агенттігі жұмыс істейді. Жинақталған мәліметтер бойынша ЖОО-да 900-ге жуық студент арнайы тренингтерге қатысып, дәріс алған. Жобада жасалған ұсыныстар мен талдаулар негізінде 18 еңбектен 13-і іріктеліп жинақ түрінде жарық көрген. Алдағы уақытта бұл еңбектер жинағы ҚР Білім және ғылым министрлігіне берілетін болады.

Конференцияда екі жыл бойы жинақталған тәжірибелер талқыланып, келесі жылға жоспар құрылды. Жиын аясында еуропалық аккредитация агенттіктерінің жұмысы, өзекті мәселелері және тенденциялары, Орта Азиядағы сапа мен аккредитация кепілдемесінің ұлттық саясаты және тәжірибесі, Орта Азиядағы сапа және аккредитация жұмысының кепілдігі жөнінде ұлттық орталықтар мен Орта Азиядағы сапа кепілдемесінің жүйесін құру(CANQA) мәселелері талқыланды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі