Ректорлар басқосуында жемқорлық мәселелері талқыланды

18.11.2010

Көрулер: 3507

18-қарашада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Алматы қалалық жоғарғы оқу орындарының ректорлары ЖОО-дағы сыбайлас жемқорлықпен күресу жолдарын талқылады. ЖОО ректорлары жұмыс барысындағы бас қосуында Қазақстан жоғарғы мектептеріндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған қарсы күрес мәселелері тиянақты түрде қарастырылып, оқу ордалары арасындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнінде тәжірибе алмасу мәселелері сөз болды.

Кездесуге Абай атындағы ҚазҰПУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, ҚазҰАУ, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты, М.Тынышбаев атындағы ҚазККА, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, «Тұран» университеті, Каспий университеті, Алматы энергетика және байланыс институты және тағы басқа жекеменшік унивеситеттердің басшылары қатысты.

- Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық – заң бұзушылықтың ең үлкен түрі. Өкінішке орай, біздің қоғамда жоғарғы оқу орындарын жемқорлық жайлап алған деген жадағай көзқарас қалыптасып қалған. Сондықтан, біз қоғамға ашық түрде жариялылықты көрсетуіміз керек. Осы орайда, бүгін ойымызды ортаға тастап, еркін пікір алмасып, барлық оқу орындарына ортақ мәселені тиянақты шешу жағын қарастырайық, - деді сөз басында ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов.

Бас қосуда жемқорлықтың алдын алуға байланысты баяндама жасаған ҚазҰУ-дың оқу жұмысы жөніндегі проректоры Мұрат Орынханов университет кредиттік технологиясындағы бағалау жүйесіне ешкімнің араласа алмайтындығы айтылып, интранет жүйесінде студенттердің үлгерімін ашық түрде бақылауға болатындығын мәлімдеді. Мұрат Орынхановтың айтуынша, интранет жүйесі ашық болғандықтан парақорлыққа жол бермейді.

- Оқу саласындағы алаңдатып отырған мәселелерді алға қойып, жемқорлықты жоюда тәжірибе алмасалық. Мысалы, бізде 28 оқу орнында қашықтықтан оқыту жүйесі жаңадан енгізіліп, іске асып келеді. Студент жұмыста отырып-ақ күнделікті оқу үлгерімін бақылай алады. Бұл жемқорлықты жеңуге өз үлесін қосады. Парақорлықпен алынған баға не студентке, не мұғалімге де керек емес. Мәселен, бір мұғалімді 95 студент, ал екіншісін 5 студент таңдауы мүмкін, бұл студенттің пән мұғалімін таңдауда да ерікті екендігін көрсетеді. Тексеру жұмыстарын қолға алып, барынша дерттің алдын алу керекпіз, - деді ЖОО қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов.

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалған. Себебі, сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру мен тиімді инвестицияларды тарту секілді көптеген заманауи үдерістерді баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси әрі қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Елбасы Н.Ә.Назарбаев басты орынға қоғамдық топтардың жемқорлықпен күрес жүргізуін алға тартып, оның қандай да бір құбылыстары байқалған жағдайда көзін құрту керектігін айтты.

Жемқорлыққа қарсы күрес - Қазақ­стан­ның мемлекеттік саясатының маңызды басым­дығы. Мұның өзі Қазақстанның 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стратегиясында көрі­ніс тапқан. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы қызметтің деңгейі жөнінен пост­кеңес­тік кеңістікте алдыңғы орында келеді. Оған "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Заңын ТМД-да алғашқы болып Қазақстанның қабылдауы нақты мысал. Сондай-ақ, еліміздегі мемлекеттік қызмет, сот жүйесі, құқық қорғау органдары туралы заңнамалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы айқын бағытталған сипаттары бар.

Жиын соңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бас қосқан ректорлар ЖОО білім ордалары туралы қоғамда қалыптасқан кереғар пікірлерді жою мәселелерін жан-жақты талқылап, «жегі құрт» деп танылған жемқорлықпен күресуде бірлесе қимылдап, тәжірибе алмасуға келісті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі