Ғаббас Жұматов атындағы аудитория

17.04.2019

Көрулер: 3342

Тарих, археология және этнология факультетінде Ғаббас Жұматұлы Жұматовтың атындағы аудиторияның салтанаты ашылу рәсімі өтті. Салтанатты жиынға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрметті ардагер-оқытушылары т.ғ.к., профессор У.Х. Шалекенов, т.ғ.д., профессор А.Қ. Құсайынов, т.ғ.д., профессор Т.Қ. Қаратаев, т.ғ.д., профессор С.М. Мәшімбаев, т.ғ.д., профессор Қ.Т. Жұмағұлов, т.ғ.д., профессор М.В. Пузиков, Алматы қаласы, Бостандық ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Б. Біржанов, соғыс ардагері Т.А. Максимова, тарих, археология және этнология факультетінің деканы М.С.Ноғайбаева, Қазақстан кафедрасының меңгерушісі т.ғ.д., профессор Б.Б.Карибаев және факультеттің оқытушы-професорлары қатысты.

Жиын барысында студенттер тарапынан ұйымдастырылған отты жылдар уақытына арналған көрініс көрсетіліп, кітап көрмесі мен фото-сурет көрмесі ұйымдастырылды. Аудиторияны ресми түрде ашу мәртебесін Алматы қаласы, Бостандық ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамит Біржанұлы мен соғыс ардагері Тамара Максимоваға табысталды. Салтанатты түрде ашылған оқу аудиториясын тарих, археология және этнология факультетінің деканы М.С.Ноғайбаева таныстырып өтті.

Қазақ ұлттық университетінің құрметті профессоры, тарих ғылымдарының докторы У.Х. Шалекенов, Ғаббас Жұматовтың ұлт руханияты  мен ғылымына  сіңірген еңбектері   туралы жүрекжарды сөздерін, естеліктерін айтып, алдағы уақытта жасалар істерге сәттілік тіледі. Ал, Еуразия гуманитарлық институтының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Қ. Құсайынов: «Ғаббас Жұматұлының ғасырға жуық ғұмыры тек қана еліміздің игілігі, болашақ ұрпақтың бақытына арналып келген екен. Кешегі бейнетті өмірдің зейнетін көретін шақта да ол өзін туған халқының қызметіне әлі де болса жараймын деп есептеді», - деп ойымен бөлісті.

Өмірінің соңғы жылдарын ғылым мен қоғамдық өмірге арнай білген, «Екінші дүниежүзілік соғыс» деген атаумен қалған сол соғысты басынан өткерген, жауынгер серіктерінің батыры бейнесі жүрегінен өшпейтін, өзі де Отаны үшін тайсалмастан табанды ерлік жасаған ардагер ақсақалдарымыздың бірі – Ғаббас Жұматұлы қазір ортамызда жоқ, бірақ абырой-намыс пен қайрат-күштің мәңгілік белгісі ретінде есімізде қала бермек.

www.kaznu.kz