Ректор филология факультетінің ұжымымен кездесті

12.11.2010

Көрулер: 3112

11 қараша күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры болып тағайындалған Ғалымқайыр Мұтанов университет қызметкерлерімен танысуын жалғастырды. Осы жолы филология факультетінің оқытушы-профессорларымен әңгімелесіп, сауалдарына жауап берді.

Факультет деканы Қансейіт Әбдезұлы ректорды факультет қызметкерлерімен таныстырды. Факультетте былтыр ашылған Абай институты мен «Абай институтының хабаршысы» жөнінде қысқаша тоқталып өтті. Қансейіт Әбдезұлы магистранттар мен оқытушылардың тың тақырыпта жазылған материалдары басылатындығын және хабаршынының алдағы уақытта электронды нұсқасы дайындалып жатқандығын хабарлады.

М.Әуезов атындағы дәрісханада өткен кездесуде факультет оқытушылары өз ұсыныстарын ортаға салды. Ең басты, шешімі күттірмейтін мәселелерге тоқталып, жаңа жобаларға жәрдем болса деген ұсыныс-пікірлер айтылды. Соның ішінде мультимедиалық кабинеттердің ашылуы, магистранттарға дәріс оқитын оқытушылардың кемдігі, тәжірибе алмасуда шеттен профессорлардың шақырыуы және т.б. талқыланды. Ректор барлық керек құрал-жабдықтарға осы жылдың қараша айының соңына дейін сұраныстарға ұсыныс жазылып берілсе, университет тарапынан мүмкіндігінше көмек берілетіндігін мәлімдеді.

Танысу барысында, филология факультетінің студенттеріне ректормен емін-еркін тілдесу сәті түсті.

Факультет негізін қалаған ұлтымыздың ұлы тұлғалары Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Мәлік Ғабдуллин, Зейнолла Қабдоловтың еңбектері зор. Факультетте қазақ әдебиетінен отыз жылға жуық әлем әдебиетінің саңлағы, ұлы суреткер, академик Мұхтар Әуезов сабақ берді. Бүгін де Қазақстанға аты әйгілі көрнекті ғалымдар, атақты профессорлар сабақ береді. Факультеттің болашағы бұдан да жарқын.Бүгінгі таңда филология факультетінің күндізгі және сырттай оқу бөлімдерінде 1000-нан астам студенттер оқиды. Факультетте негізгі мамандықтар бойынша оқу қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі әрі бір шет тілін (ағылшын, неміс, француз) біліп шығуына мүмкіндік бар. Факультет құрамындағы кафедраларда 50 ғылым докторы мен профессорлар, 90 ғылым кандидаты мен доценттер қызмет атқарады. Олардың ішінде Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының 3 академиктері, 2 корреспондент-мүшелері, Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ғылым академиясының 4 академиктері, 1 корреспондент-мүшесі, 4 ҚР ғылымға еңбегі сіңген қызметкері, 1 халық жазушысы, Жазушылар одағының 15 мүшесі бар.

ҚазҰУ Баспасөз қызметі