«Астанадағы ЕҚЫҰ саммиті – Қазақстан төрағалығының қорытынды кезеңі»

11.11.2010

Көрулер: 2835

Еуропалық Ақпараттық Орталық, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультеті, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты және Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы 10 қарашада «Астанадағы ЕҚЫҰ саммиті – Қазақстан төрағалығының қорытынды кезеңі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Ғылыми форум «2010: Қазақстан – ЕҚЫҰ Төрағасы» атты үш жылдық жобаны жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды және ҚР Президенті Әкімшілігінің бағдарламасына енгізілген.

«Дөңгелек үстел» жұмысына Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының Басшысы А.Кельчевский мырза, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы КСЗИ, Қазақстан Республикасының Бірінші Президентінің Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты, Абай атындағы ҚазҰПУ, Философия және саясаттану институты басшылығы, қазақстандық және шетелдік жетекші сарапшылар, ҚР-да тіркелген дипломатиялық миссиялардың, бейүкіметтік ұйымдардың өкілдері қатысты.

Ғалымдардың баяндамалары, сарапшылардың пікірлері Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-да төрағалығын қорытындылауда және алдағы болатын Астанадағы ЕҚЫҰ саммиті бойынша ұсыныстар жасауда маңызды болмақ.

Ғалымқайыр Мұтанов, ҚазҰУ ректоры: «Бүгінгі көтеріліп отырған мәселенің маңызы өте жоғары. Қазақ халқы үшін бұл әрі мақтаныш, әрі абырой. Үлкен саммит алдында біздің университетте жиналғандарыңызға, бас қосуға келгендеріңізге алғысымызды білдіреміз».

Құралай Байзақова, Европалық ақпараттық орталық директоры: «Осы төрағалық кезінде Қазақстан қандай нәтижелерге қол жеткізді? Алға қойылған көптеген мақсат орындалды ма, немесе оларды ары қарай дамыту қажет пе? Әрине, бір жылда бәрін бірдей меңгеру мүмкін емес. Қазақстан осы ұйымға жаңарту, өзгеріс енгізуде өз үлесін қосып келеді. Біздің ел халықаралық қауіпсіздікке байланысты өзінің қомақты ұсынысын жасайды деп күтеміз».

ҚазҰУ Баспасөз қызметі