«Шығыстану» бойынша олимпиада өтті

30.03.2019

Көрулер: 4900

Шығыстану факультетінде «Шығыстану» мамандығы бойынша XI Республикалық студенттік пәндік олимпиада өтті.

Биылғы жылы олимпиаданың өтуіне Цукуба университеті, Цукуба университетінің профессоры Ниномия Такаши зор демеушілік көрсетіп, «Ичикава» мектебінің директоры Наоюки Канки арнайы қонақ болып қайтты. Бұл жолғы Қиыр Шығыс кафедрасының жапонтану бөлімі секциясына ҚазҰУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дан он сегіз студент қатысты.

Олимпиада екі тур бойынша ұйымдастырылды. Бірінші турда студенттер жапон тілінде эссе жазып, тіл, тарих бойынша тест тапсырмаларын орындады. 18 адамнан 9 адам бірінші турдан сәтті өтіп, олимпиаданың екінші турында қазылар алқасының назарына жапон тілінде Жапон елінің өзекті мәселелері бойынша студенттердің арнайы баяндамалары ұсынылды.

Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасы жапон тілі бөлімінің студенттері екі айналымның нәтижесінде келесі жүлделі орындарға қол жеткізді. Бірінші орынды төртінші курс студенті Скатов Алишер иелік етсе, екінші  орынды Ғалым Асем және Жүніс Фариза жеңіп алды. Ал үшінші орынды төртінші курс студенті Сайдалиева Дилинур, Ыбышева Дина және Бітіс Гүлнұр иеленді.

Шығыстану факультетінің білім беру базасы негізінде өткізілетін «Шығыстану» мамандығы бойынша республикалық пәндік олимпиада зор маңызға ие. Студенттердің бұл сынға қатысуы таңдалған пәнге, таңдаған мамандықтарға және ғылыми-зерттеу жұмысына қызығушылығын арттырып, жетістіктерге жету ұмтылысын күшейтіп қана қоймай Қазақстандағы шығыстанудың дамуына өз ықпалын тигізеді. Олимпиада аясында жеңімпаздарға арнайы дипломдар, ақшалай және кәде сыйлықтар табысталды.

Шығыстану факультеті