Студенттер қалашығында Наурыз тойы басталды

20.03.2019

Көрулер: 4050

20 наурыз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Студенттер қалашығының ұйымдастыруымен «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығының алаңында «Әз-Наурыз» мерекесі өтті.

«Әз-Наурыз» мерекесіне университет басшылығы мен студенттер қатысты. Наурыз тойын Қыдыр ата бата беріп ашты. Жыл басы Наурыздың келуімен құттықтады.

Қалашық алаңында Наурыз тойын тойлауға үлкен-кішісі түгел жиналып, этноауылдар «Фараби ауылы», «Абай ауылы», «Жамбыл ауылы», «Шәмші ауылы», «Райымбек ауылы», «Махамбет ауылы» болып, әрбір студенттік жатақханалар бір-бірімен ауыл-ауыл болып бірігіп, мол дастархан әзірлеп, үлкен дайындықпен келген. Ең басты тағам Наурыз көже мен ұлттық сусын шұбат, қымыран барша келген қонақтарға таратылды. Қазақтың ұлттық мейрамы Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурызға ҚазҰУ-да білім алатын шетелдік студенттер де ерекше дайындықпен әсемденіп, өз елінің ұлттық киімі мен ұлттық ас мәзірін арнайы дайындап әкелген. Бұл күні қазақтың ұлттық ойыны міндетті түрде ойналады. Оған дәлел «Алтыбақан» теуіп жастар мәз-мейрам болса, нағыз спорт сүйер қауым тоғызқұмалақ, шахмат пен арқан тартыс, қазақша күрес пен қол күресте білектің күшін сынға салды. Кір тасын көтеруде палуандар өз рекордтарын жаңалауға талпынды. Сонымен қатар, алаңда мереке қонақтарына арнайы дайындалған қойылымдар мен қолөнер шеберлерінің дүниелері, кәде-сый заттарынан көрме қатары да болды.

Наурыз тойы тойланып, бір-бірімен көрісіп, салт-дәстүрді ұстанып өскен халқымыз бүгін тағы бір дәстүр «тұсаукесу» рәсімін де назардан тыс қалдырмады. Кішкентай бүлдіршіннің тұсау кесу рәсімін жасады.

Студенттік қалашық дирекциясының директоры Әбдіқаһар Сейітжанов жиналған қауымды Наурыз тойымен құттықтады. «Қыстан кейін жер жаңарып, гүлденген көктемнің алғашқы мейрамында Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын. Жаңа жыл жақсылығымен келсін. Университет ұжымы мен студенттеріне мол табыс пен ырыс-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Бірлігіміз жарасқан, ынтымағы артқан ел болайық. Университетіміз жыл санап жаңарып жатыр, жылдан-жылға беделі арта берсін», - деді өз сөзінде.

Мерекелік концерт барысында университеттің көркемөнерпаздары сахнада би, ән мен күйден тарту жасап, баршаға керемет көңіл-күй сыйлады.

www.kaznu.kz