Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл

04.11.2010

Көрулер: 4529

Қазақ халқының ұлы перзенті, қаһарман жауынгер, даңкты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, әйгілі жазушы Бауыржан Момышұлы-XX ғасыр биігінде тұрған дара тұлға. Биылғы жыл басталысымен, еліміздің барлық өңірлерінде Б.Момышұлының 100-жылдық мерейтойына арнайы іс-шара, мерейтой мен ғылыми конференциялар өтіп жатыр. Соның бір көрінісі 4-қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 15-қабатта «Халық батыры Бауыржан Момышұлы және қазіргі заман» атты Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияның мақсаты: Қазіргі заман тұрғысынан қазақ халқының көрнекті қайраткері Бауыржан Момышұлының өмір жолын жан-жақты және терең қарастыру, халық батырының өнегелі мұрасы арқылы Қазақстан Республикасының жастарына патриоттық тәрбие беру.

Конференцияға қатысу үшін Ресей, Түркия, Қырғызстан, Белоруссия, Өзбекстан Республикасынан ғалымдар шақырылған, конференция жұмысына Бауыржан Момышұлының өмір жолын және қызметін зерттеген танымал ғалымдар Ким Серікбаев, Мекемтас Мырзахметұлы, Мамытбек Қалдыбай және ҚазҰУ басшылығынан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор Нұрлан Темірбеков, тіл және тәрбие ісі жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаева, тарих факультетінің деканы Жәкен Таймағамбетов, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, ақын Иран-Ғайып және т.б. қатысты. Арнайы қонақ ретінде шақырылған Б.Момышұлының ұлы, ақын, жазушы Бақытжан Момышұлы және келіні Зейнеп Ахметова келді.

Конференцияның ашылу салтанатында ректор: «Қазақтың біртуар ұлы, мақтанышы Б.Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны бастауға рұқсат етіңіздер. Ең бірінші Б.Момышұлының 1944 жылғы жаңа жылдық құттықтауы туралы түсірілген деректі фильмді назарларыңызға ұсынамыз», - деп бастады. Деректі фильм қазақ батыры әрқашан жанымызда болатынын, ешқашан естен кетпейтіндігін дәлелдей түсті. Конференцияға Ресей Федерациясынан арнайы келген елші Ильдус Тархановқа өз баяндамасымен таныстыруға сөз берілді. Ал Б.Момышұлы туралы өз ойын Нұралан Оразалин былайша өрбітті: «Жаратылысы ерекше, дүниеге қазақ болып келіп, қазақ екенін дәлелдеп кеткен тұлға. Бауыржан секілді ұлы батырлары қазақ халқын сақтап қалған. Ұлы батырлары, ұлы ақындары, ұлы қасиетті тұлғалары біз білетін тарихта сақтап алып келген. Т.Ахтанов айтқандай, «Стандартты дәуірдің шеңберіне сыймай кеткен стандартсыз тұлға». Ноқтаға басы сыймас тұлға десек те болады, қалай айтсақ та жарасады. Өткен тарихымыз, біздің жастардың жадында мәңгі сақталады деп сенемін».

Бауыржан Момышұлы соғыстан соңғы жылдарда аса көрнекті жазушы ретінде танылды. Оның қаламынан шыққан әскери және көркем шығармалар, роман-әңгімелер, хикаяттар ел игілігіне айналды. Өз өмірін халқына арнаған елі үшін ерен ерлік жасаған, өнегелі ұрпаққа үлгі болып қалған ұлы тұлға. Туған елінің бақыты үшін күрескен қаһарман перзенттерін халқы шексіз сүйіп, өнегесі үлгі-құрмет тұтады, мәңгілік есте сақтайды. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі