Болашаққа интеллектуалды серпілісті ЖОО қамтамасыз ету керек

02.10.2010

Көрулер: 3365

1 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Болашаққа интеллектуалдық серпіліс» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Аталмыш конференцияны «Нұр Отан» ХДП жанындағы Құқықтық кеңес, ҚР Мәдениет министрлігі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және «Әріптес» үкіметтік емес ұйымдардың Алматы Конфедерациясы бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Бұл халықаралық ғылыми жиынның мақсаты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдық мерейтойына орай 2009 жылдың 13 қазанында оқылған «Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: болашаққа интеллектуалдық секіріс» атты актілік дәрісінде қозғалған Ұлт басшысы бастамасы аясында, Қазақстандағы зиялы ұлтты қалыптастыру концептуалды мәселелерін талқылау болып табылады.

Конференцияға «Нұр Отан» ХДП жанындағы Құқықтық кеңестің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, з.ғ.д., профессор Әбдіров Нұрлан Мәжитұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Әбенов Мұрат Абдуламитұлы және ҚазҰУ-дың эаң факультеті мен журналистика факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы, қазақстандық ЖОО ғалымдарымен қатар ресейлік ғалымдар, үкіметтік емес ұйым жетекшілері мен халықаралық ұйым өкілдері, БАҚ өкілдері қатысты. Мәскеуден келген қатысушылар қатарында Л.С.Выготский атындағы Психология институтының психология тарихы мен теориясы кафедрасының меңгерушісі, психология ғылымдарының докторы, профессор Кудрявцев Владимир Товиевич, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің социология факультетіндегі социология тарихы мен теориясы кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Оразалиева Гүлшат Күлімжанқызы, тағы басқалар бар.

Конференция модераторы «Нұр Отан» ХДП жанындағы Құқықтық кеңестің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Мәжитұлы:

- «Интелектуалдылық қалыпты дамытпайынша, болашаққа серпіліс жасау мүмкін емес. Осы орайда жаңа технологиялардың шешімін «жаңа адам» табу керек деген ұғым бар. Ал «жаңа адам» дегеніміз болашаққа серпінмен қарайтын көкжиегі кең, салауатты өмір салтын берік ұстанатын және адамгершілік ұстанымы қалыптасқан белсенді адам», - деп атап өтті.

Ал алғы сөз алған Мұрат Әбенов: «Өткен жылдың қазан айында ұлт көшбасшысы осы университетте оқыған актілік дәрісінде алғаш рет «интеллектуалды ұлт» идеясы көтерілген болатын және бұл сұрақты қоғамда өте өзекті. Бүгінде біз жаңа экономиканы құрап, индустриалдық-инновациялық тұрғыдан дамуды нығайтуды мықтап қолға алып жатқанымызда бізге ұтымды шешім қабылдай алатын сауатты ұлт қажет. Бұл кезекте ақпаратқа қол жетімділік сауалы туындайды. Ол дегеніміз дені сау ұрпақ, сапалы өмір, үздік білім. Біз әр азаматтың ақпаратқа қол жетімділігін қамтамасыз етуіміз керек. Бүгінгі отырысымызда жастардың белсенділігі жан жақты қарастырылады. Бірінші кезекте біз сапалы ғылыми әріптестік тұрғысында ақпарат алмасуды ойластыруымыз қажет», - дейді.

Әрине ұлттың интеллектісін арттыру үшін бұл мамандардың айтқан пікірлері орынды. Интеллектуалды ұлт дегеніміз зиялы қауым, зиялы орта қалыптастыру ұғымымын жалғастырып жатыр. Алаш ардақтыларының да, Хакім Адайдың да аңсап кеткені ұлттың көзін ашып, көкірегін ояту еді ғой. Ендеше ХХІ ғасырда осы алдыңғы буын өкілдері аманаттап кеткен қасиетті сапаны дамыта білсек, әрине қазақтың рухы асқақтай түспек. «Ғылым таппай мақтанба» дейді Абай. Осы орайда инттелектуалды ұлтты дамыту үшін ғылым мен білімнің маңыздылығы зор екенін алға тартқан заң факультетінің деканы, профессор Даулет Лайықұлы «Интелектуалды ұлтты ғылымнан бөлек қарастыруға болмайды. Ғылым, өндіріс және тұтынушы ұғымдарын тепе тең түсінген кезде және бұл түсініктердің барлығы мемлекет дамуы үшін қызмет жасағанда ғана интеллектуалды ұлт болады деп есептеймін. Біздің ҚазҰУ білім саласында үлкен серпіліс жасады. Бұған кредиттік оқу жүйесі, бакалавр, магистр, PhD сияқты оқытудың жаңа сатыларын жатқызуға болады. Алдағы уақытта зертеу университеттерін құруды қолға алу керек деп ойлаймын» деген пікірін жеткізді. Сонымен қатар т.ғ.д., профессор, журналистика факультетінің оқытушысы Ләйлә Ахметованың айтуынша, бұл конференция қоғам алдына президент қойған нақты тапсырманы орындауға бағытталған. Яғни адамгершілік капиталы, интеллектуалды ұлт, Қазақстандағы интеллигенция, мамандарды дайындау сияқты жұмыстардың барлығы бір мақсатты көздейтінін және 20 жыл ішінде жаңа интеллегенция қалыптасқандығын айтты.

«Тоқ етерін айтар болсақ, біз білімді, интеллектуалды дамыған адам ретінде жұмыс істеуіміз керек. Біз Елбасы айтқандай интеллектуалды секіріс жасауымыз керек. Жаһандану заманында біз еліміздің болашағы туралы ойлауымыз керек» - дейді профессор Сұлтан Сартаев.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі