ҚазҰУ-да «Мысль» журналының 90 жылдық мерейтойын атап өтті

01.10.2010

Көрулер: 3766

Осыған орай 30 қыркүйек күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық үрдіс: Қазақстанның қоғамдық-саяси баспасөзінің қалыптасуы мен дамуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Аталмыш шараны ұйымдастыруға ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі, «Қазақ газеттері» ЖШС және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атсалысты.

Конференцияда журналистика саласының майталмандары бас қосты. Төрге «Мысль» журналының бас редакторы Сейдахмет Құттықадам мен редакция ұжымы жайғасты. Шақырылған қонақтардан «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры–Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин, Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының бас сарапшысы Евгения Чиликова, т.ғ.д. Тілеу Көлбаев, академик Аманжол Қошанов, ҚР Журналистер академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев қатысты. Конференция аясында «Төртінші билік және уақыт», «ХХ ғасыр белесінде», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан журналистері» тақырыптарында баяндамалар оқылды.

90 жылдық тарихы бар қарт басылымның шығу тарихы, жетістіктері мен бастан өткізген қиын-қыстау кезеңдері хақында әңгіме өрбіді. Бүгінгі таңда «Мысль» журналы отандық және халықаралық қауымдастықтың барлық келелі мәселелерін еркін талқылаудың бұқаралық мінберіне айналып отыр. Журнал беттерінде демократиялық қоғам құрылысы, саяси бағыт, әлеуметтік-экономикалық реформа, Президенттің ел халқына Жолдауы, «Қазақстан – 2030» стратегиясы туралы мазмұнды, әрі терең талдауларға толы мақалалар, шолулар мен сұхбаттар, жемқорлыққа қарсы, қылмыс және нашақорлықпен күреске арналған батыл материалдар жарияланып тұрады. Сондай-ақ журнал беттерінде қазақ халқының салт-дәстүрі мен батыр бабалары хақында бірталай жарияланымдар жарық көрді.

- Соғыс жылдарының қиын-қыстау күндерінде бірталай қазақ-орыс тілінде жарық көретін газет-журналдар жабылып, тек партиялық басылымдар ғана жарияланып отыратын. Сол жылдары бұқара ақпарат құралдарында Әлихан Бөкейханов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов сынды ұлтжанды азаматтар халық қамы үшін еңбек етті, - деді өз сөзінде профессор Сағымбай Қозыбаев тарихи деректерге шолу жасап.

- Мен ҚазМУ журналистика факультетінің түлегімін. Ғылыми зерттеу жұмыстарымен студент кезімде шұғылдана бастадым. Соның ішінде журналистика саласын ғылыми тұрғыдан зерттеуге кірістім. Меніңше, ғылым жолын қуған студенттер үшін «Мысль» журналы үлкен ұстаздық қызметті атқарып шықты. Себебі әр жылдың деректері халықтың тұрмысы, мемлекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдайынан сыр шертті, сол заманның ағымынан ақпар берді. Журнал беттерінде жас журналистерге көмек болатын деректер мен мақаланы сауатты жазудың амалдары мен ақыл-кеңестері жарияланып тұрды. Сол жылдары жас журналистердің шеберліктерін шыңдауға үлкен көңіл бөлінетін. Сондықтан «Мысль» журналының ағартушылық қызметі орасан зор деп бағалар едім, - дейді ҚР Президенті мұрағатының бас сарапшысы Евгения Чиликова.

БАҚ өкілдері мемлекет пен қоғамның келелі проблемаларын, елдің ақпараттық қауіпсіздігін нығайту мәселелері, Қазақстан баспасөзінің даму тарихы, БАҚ-тың қазіргі кезеңдегі бәсекелестік қабілетін нығайту, ашық демократиялық қоғам құрылысы, Қазақстандық қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайту мәселелерін талқылап, ой бөліскен болатын.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі