ҚазҰУ-да республикалық ардагерлер кеңесінің басшылары бас қосты

30.09.2010

Көрулер: 3212

23 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде республикалық ҰОС ардагерлері мен еңбек ардагерлер кеңесінің жиыны өтті. Бас қосудың басты мақсаты – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып, жас ұрпақтың жүрегінде қоныс тапқан патриоттық рухты асқақтату.

Қонақтардың қатарында Қазақстан Республикасында тұңғыш ардагерлер қозғалысына жол ашқан Ұлы Отан соғысының батыры, «Халық Қаһарманы» Сағадат Нұрмағамбетов, ҰОС қатысушылары Сұлтан Жиенбаев, Шәңгерей Жәнібеков, «ҚР Ардагерлер ұйымы» АҚ Орталық кеңесінің төрағасы генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайхутдинов, республиканың барлық облыстарындағы ардагерлер кеңесінің басшылары және т.б. қонақтар болды.

Ардагерлер кеңесінде тарихты қайта қарап, мұрағатты тағы тексеріп, ғылыми еңбек дайындалса, есімі аталмаған, елге танылмаған соғыс ардагелерін келер ұрпақ есінен кетпес үшін, оларға мұра етіп 1-2 томдық болса да еңбек жазып қалдыру керек деген ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ, Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі Зәуреш Аманжолова сөз кезегі келгенде, өз пікірін айтып, алғысын білдірді.

Ардагерлерді университет басшылары, жас ғалымдар, студенттік ұйымдардың көшбасшылары, оқу озаттары қарсы алды. ҚазҰУ жастар ұйымы комитетінің жетекшісі Назира Болдурукова аға-апаларымыздың ерлігі біздің есімізден еш ұмыт болмаған деп, кеңесті арнайы дайындаған баяндамасымен таныстырды.

Басқосудан кейін ҰОС ардагерлері мен еңбек ардагерлері ҚазҰУ-дың тарихи мұражайын аралады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі