Тәжікстанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектер қауымдастығының бөлімшесі ашылды

29.09.2010

Көрулер: 3023

22 қыркүйек күні Душанбеде ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының бөлімшесі ашылды. Бұл жөнінде ҚазҰУ түлектер қауымдастығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаева мәлімдеді. Ашылу салтанаттында филология ғылымдарының докторы, профессор Әбдусаттар Нұралиев басшы болып тағайындалды. Ол ҚазМУ-дың журналистика факультетінде оқып жүріп, қазақ бөлімінде топ басшысы болып, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысқан. Сондай-ақ, Қазақстан Компартиясы ОК-нің шешімімен журналистерді жан-жаққа қызметке тағайындап жіберетін. Міне, біздің отандасымыз Тәжікстанның өтініші бойынша 1968 жылы педагогикалық бағыттағы қызметке, журналистика факультетін сол жақта мемлекеттік университетте ашуға шақырылған болатын. Өмірі де тәжік елімен тығыз байланысты, бірақ Қазақстаннан қол үзген емес.

«Тәжікстан-Қазақстан» достық қоғамын құрып, бүгінгі таңда өзі басқарып отыр. Ұлы Абайдың шығармаларын тәжік тіліне аударылуына да үлкен үлес қосқан. «Абай және тәжік әдебиеті» атты кітаптың авторы. Алматыдағы қазақ-тәжік әдебиеттерінің ұқсастықтарын зерттей бастады, дипломдық жұмысы осы тақырып аясын қамтиды. 1975 жылы кандидаттық диссертациясын «Қазақ-тәжік әдебиетіндегі батырлық эпостар мен ертегілердің ұқсастығы» тақырыбында қорғады. Екі тілде жазылған шығармаларды түпнұсқада салыстырмалы түрде оқуға мүмкіндік бар. Өзінің ғылыми қызығушылығын аттыру үстінде, 1998 жылы «ХІХ екінші жартысы мен ХХ ғасырдағы қазақ-тәжік шығармаларындағы әдеби байланыс» (Абай және кейінгі кезең) атты докторлық диссертациясын қорғады. 2001 жылы екі ел тәуелсіздігінің 10-жылдығына орай, ҚР-ның Тәжікстандағы елшілігінің бастамасымен «ХІХ-ХХ ғ.ғ. тәжік-қазақ мәдени-әдеби байланыс» атты монография Душанбеде басылып шықты.

Тәжікстандағы ҚазҰУ түлектер қауымдастығы алдағы уақытта Бүкіләлемдік қазақтар қауымдастығы мен жергілікті «Бәйтерек» қоғамымен бірлесе отырып ғылыми конференция өткізуді жоспарлап отыр. Тәжікстандағы ҚР-ның елшілігі Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына арнап Тәжікстандағы қазақ диаспорасы туралы кітап шығармақ.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі