ҚР Қорғаныс министрі ҚазҰУ-дың әскери кафедрасын көруге келеді

15.09.2010

Көрулер: 3100

17 қыркүйек, сағат 11.30. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Қазақстан Республикасының Қорғаныс министріӘділбек Жақсыбеков келеді.

Қорғаныс министрі сапардың басым уақытын запастағы әскери қызметкерлерді дайындайтын заманауи ірі орталық болып табылатын ҚазҰУ-дың әскери кафедрасына арнайды. Сапар барысында Ә.Жақсыбеков әскери кафедраның тыныс-тіршілігімен, оның техникалық жабдықтарымен және оқу-әдістемелік құралдарымен, әскери мамандарды дайындау барысындағы сапа мен деңгейін бақылайтын болады.

ҚазҰУ-дың әскери кафедрасы – запастағы әскери қызметкерлерді дайындайтын заманауи әмбебап орталық. Бұл республика бойынша әуе қорғанысына жаяу әскерлер негізінде запастағы офицерлер дайындайтын жалғыз орталық. Мұнда әскерді басқара алатын тәжірибелі бригада командирлері, Қорғаныс министрлігінің офицерлерінен құралған кәсіби, элиталы әскери мамандар топтасқан. Кафедраның аудиториялары мен компьютер сыныптары интерактивті тақтамен және ҚазҰУ-дың оқытушылары мен студенттері авторлық еткен нағыз заманауи компьютерлік бағдарламалармен жабдықталған.

Сонымен қатар, ҚазҰУ-дың кафедрасында мотоатқыштар әскерлерiн, әскери заңгерлерді, тәжірибеші мамандарын дайындау қарастырылған.

Қазақстанның запастағы әскери қызметкерлерді дайындайтын бір де бір жоғары оқу орнында ҚазҰУ-дың әскери кафедрасындағыдай жоғары дәрежедегі институт деігейіндегі техникалық жабдықталған база жоқ.

Университет басшысы Бақытжан Жұмағұлов бастаған университеттің әкімшілігі аталмыш кафедраның оқу-әдістемелік базасының кеңейіп, жаңарып отыруын үнемі назарда ұстайды. Кафедраның тыңдаушылары үшін университеттің кампусында жаттығу полигоны, әскери көліктер мекені, тактикалық алаң, зениттік кешен орналасқан.

Білім ордасының ерекше мақтанышының бірі электронды-лазерлі тирмен жабдықталған ҚазҰУ-дың ату полигоны болып табылады. Мұнда қарумен ату бойынша жаттығу жұмыстарын жасауға болады.

Дәл осы күні ҚазҰУ-дың Қамқоршылар кеңесінің өкілі ретінде Әділбек Жақсыбеков университеттің Қамқоршылар кеңесінің бірінші пленарлық мәжілісін өткізеді. Бұл кеңеске Қуаныш Сұлтанов, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Талғат Мұсабаев т.б. қатысады.

ҚР Қорғаныс министрі, Қазақстан футбол федерациясының президенті А.Жақсыбековтың университетке сапары студенттік өмірдің ең маңызды сәті болып табылатын – студенттік қалашықтағы жасанды төсенішпен жасалынған үш жаңа футбол алаңының ашылуына тұспа-тұс келіп отыр. Университеттің құрметті қонағы салтанатты ашылу рәсіміне де қатысады.

Мекен-жайымыз: Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы,71. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Әскери кафедрасы

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі