Университет құжаттарды онлайн жүйеде қабылдайды

14.06.2018

Көрулер: 5080

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ сандық технологияларды белсенді түрде енгізіп қана қоймай, IT қызмет көрсету саласын кеңейтіп келеді. Енді университеттің kaznu.kz сайтында білім ордасына түсуші шетел азаматтарының құжаттарын онлайн түрде тіркеу және қабылдау үшін жаңа қызмет қолжетімді болды, - деп хабарлайды «SANALY URPAQ» жобалық кеңсесінің баспасөз қызметі.

Университет барлық бизнес-процестерді сандық форматқа көшіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді. Бұл университет көрсететін қызметтердің сенімділігі мен сапасының өсуіне оң әсер етеді. Осы бағыта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан ашылған «SANALY URPAQ» жобалық кеңсесімен бірлесе жұмыс жүргізілуде.

Онлайн жүйенің арақасында құжаттарды тапсыру және қабылдау уақыты едәуір қысқарып, оларды тіркеуде әкімшілік кедергілер жойылады. Оқуға тапсырушылардың келу қажеттілі туындамайды бұның қаржылық үнемге септігі тиеді. Онлайн жүйеде құжаттарды қабылдаудың тағы бір артықшылығы шетелдік талапкерлер өздерінің тұрғылықты мекенжайына қарамастан университетпен тікелей байланыс орнату мүмкіндігіне ие бола алады.

Құжаттарды қабылдаудың барлық процесі автоматтандырылған әрі үш тілде - қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді арнайы әзірленген бағдарламада жүзеге асырылады. Алдағы уақытта осы тізімді кеңейту жоспарлануда.

Жақын және алыс шетелдік талапкерлер тиісті құжаттарды тапсырып сәтті тіркелетін болса, онда университетке дистанциялық қашықтықтан қабылданатын болады. Бұл қызметті Бразилия, АҚШ, Франция, Германия, Индонезия, О.Корея, Түркия, Үндістанның 100-ден аса шетелдік азаматы пайдаланды. Биылғы ҚазҰУ-ға сапалы жоғары білім алуға ниет танытып отырған шетелдіктер аса көптеп келеді деп күтілуде. Бұған қазақстандық жоғары оқу орнының әлемдік рейтингтегі жоғарғы көрсеткіштерден көрініп отырғандығы септігін тигізуде.

 

Баспасөз қызметі