ҚазҰУ-ға Бейрут университетінің өкілдері келді

24.08.2010

Көрулер: 2623

24 тамызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне американдық Бейрут университетінің өкілдері келді. Олардың қатарында Бейрут университетінің сыртқы аймақтық бағдарламалар бойынша вице-президенті Хасан Диаб пен оның көмекшісі Джордж Фараг және медицина факультетінің деканы Гассан Химаде бар. Шетелдік әріптестерді ҚазҰУ-дың Оқу жұмысы жөніндегі проректоры Орынханов Мұрат Кәдесұлы қарсы алды.

ПроректорЛивандағы белді оқу орындарының бірі болып саналатын аталмыш университет өкілдерін Қазақстандық жетекші білім ордасының жетістіктерімен таныстырды. Өз сөзінде Мұрат Кәдесұлы:

- “әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті отандық жоғары оқу орындарының арасында бірінші болыпбатыс оқу жүйесіне көшті. Яғни, ҚазҰУ-да бакалавр-магистратура-PhD үш сатылы білім жүйесі қалыптасқан. Бізде Еуропалық университеттермен қос диплом бағдарламасы қолға алынған. Сонымен қатар, докторантура бойынша ізденушілер шетелдік және отандық ғылыми жетекшілермен бірлесе жұмыс жасайды. ҚазҰУ қашанда шетелдік әріптестіктің аясын кеңейтіп, ғылым-білім саласында байланыс орнатуды алдыңғы орынға қояды. Сіздерге де ҚазҰУ-ға қош келдіңіздер дегім келеді”, -деген пікірін жеткізді.

1866 жылы құрылған Бейрут университеті Ливандағы жетекші ұлттық университеттердің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда университетте ауылшаруашылық, тамақ өндірісі, гуманитарлық ғылымдар, архитектура, медицина тағы да басқа 6 факультет бойынша мамандар дайындайды. Бұл университетте әлемнің 69 елінен 7500 студент білім алуда. Аталмыш университеттің сыртқы аймақтық бағдарламалары бойынша вице-президенті Хасан Диаб:

- «Ливан университеті он жылдан астам уақыт американдық білім жүйесі стандарттарымен жұмыс істеуде. Бүгінгі келуіміздің басты мақсаты Қазақстандық білім кеңістігінде американдық білім жүйесі бойынша кадрлар дайындайтын үздік университет ҚазҰУ-мен тығыз әріптестік байланысты нығайту болып табылады. Біз сіздермен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз», - деді.

Кездесу барысында шығыстану факультетінің декакны Нұржамал Алдабек, биология факультетінің деканы Тамара Минажқызы және халықаралық ынтымақтастық депапартаментінің қызметкерлері шетелдік әріптестерімен ғылым саласындағы жоспарларымен бөлісті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі