ҚазҰУ-да «Жастар тәжірибесі» жобасы қарқынды жүріп жатыр

22.07.2010

Көрулер: 3001

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Мансап секторы «Жастар тәжірибесі» атты жобаны жүзеге асыруда. Жоба шарты бойынша жоғарғы оқу орын түлектері кез-келген ұйымдарда өз тәжірибесін жетілдіре алады. Тәжірибе жинақтаушыны мемлекет 100% жалақымен қамтамасыз етеді. Ал жұмыс беруші, өз тарапынан тәжірибе өтушіге қосымша жалақы төлейді. Студентті міндеттер ауқымымен таныстырып, болашақта қызмет бабын оңай меңгеруіне септігін тигізеді.

«Жастар тәжірибесінен» өту барысында, жас маман тез арада бірнеше шешім қабылдауы тиіс. Өз мамандығының қыр-сырымен танысып, қажет білімін алып, өзін, ең бастысы, жұмыс берушіге жақсы қырынан көрсетіп, алдағы уақытта тұрақты қызметкер болып қалудың алғышарттарын жасау болып табылады. Бұл жоба жас мамандар үшін үлкен даңғылға апарар алғашқы қадам, өзін-өзі тексеру, өз мақсатын жүзеге асыра білу болып табылатыны сөзсіз.

2010 жылы «Жастар тәжірибесі» жобасына 150-ден астам студент қатысты. Олар шамамен 4 айға жуық мерзімде университетте алған білімдерін шыңдады. Тәжірибе жинақтау барысында түлектеріміз еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарға айналатынына сенімдіміз.

Қазір де ҚазҰУ-да университет түлектерін жұмыспен қамтамасыз ететін «Жастар тәжірибесі» жобасы жалғасып жатыр.

Мансап секторы