Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Юстус Либиг Университетінің басшылары серіктестік Меморандумына қол қойды

20.07.2010

Көрулер: 2953

18 шілдеде ГФР канцлерінің Қазақстанға арнайы іс-сапары аясында Астанада бизнес-форум өтті. Форумға Қазақстан мен Германиядан 300-ден астам компаниялар мен ұйымдар қатысты.

Бас қосуда экономиканың әр түрлі саласын дамыту мақсатында 2 млрд. евро бөлу жөнінде 34 келісім-шарттар мен меморандумдарға қол қойылды. Соның ішінде «НК «КТЖ» АҚ және Siemens, «МЕТРО» және «KAZNEX INVEST» АҚ компанияларына, күн батареялары мен 30 мВт. гелиоэлектростанцияларды салу жобаларына ерекше назар бөлінді. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Юстус Либиг Университетінің (Гиссен, Германия) қарым-қатынасын нығайту жолында ҚазҰУ-дың проректоры Мұрат Орынханов пен Юстус Либиг Университетінің президенті Джойбрато Мухерджидің қатысуымен арнайы Меморандумға қол қойылды.

ГФР-дың бас канцлері Ангела Меркельдің пайымдауынша, Қазақстан – Орталық Азияның экономикалық орталығы және Германияның аймақтағы бас серіктесі. Форумға Германияның Индустрия және жаңа технологияның бірінші вице-министрі Альберт Рау баяндама жасады. Соның ішінде Қазақстан экономикасына шетелдік инвестицияларды салу жолдарын ұсынды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев форум барысында қабылданған келісім-шарттар болашақта жемісті болатынына сенім білдіріп, соның ішінде Қазақстан экономикасының диверсификациясы маңызды орын алатындығын мәлімдеді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі