ҚазҰУ-да Студенттер құрылыс жасағының Құрылтайы өтті

29.06.2010

Көрулер: 2857

Ең алғаш рет өз аяқ алысын 1963 жылы бастау алған студенттік құрылыс жасағының қозғалысы 90-жылдары ұмыт қалған-ды. ҚазҰУ қалашығының көркеюін қалап, алдыңғы қатарлы саптан көрсету тұрғысында студенттік күш-жігердің маңызын жете түсінген университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов 2008 оқу жылынан бастап бұрынғы дәстүрдi қайта жаңғыртып, студенттер құрылыс жасағын жандандыруды қолға алды. Енді, міне жас патриоттар Алматы қаласының қорғауға алынған табиғи парктерді әрлендіріп, өз қолдарымен жаңа оқу ғимараттарының бой көтеруіне үлестерін қосып жатыр.

24 маусымда ҚазҰУ қалашығында «Алға, ҚазҰУ құрылыс жасағы!» ұранымен 14 факультет студенттерінен құрылған ҚазҰУ СҚЖ-ның құрылтайы ашылды. Құрылтайдың ашылу рәсімінде жиналған қауымды университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов құттықтады. Өзі де студенттік кезде құрылыс жасақтарының белсенді мүшесі болып, жұмысымен етене таныс болған ректор:

- Құрылыс жасағының тарихы тамыры терең емен ағашының ғұмырындай. Біздің университеттің бастамасымен құрылыс жасағының құрылтайын өткізу дәстүрге айналды, биыл үш жыл болды. Басты мақсат – жастардың тәрбие жұмысына атсалысу. Бүгінгі таңда жастар университет құрылысына қатысып, көшелерін, ғимараттарын ретке келтіріп, тынбай қызмет етіп келеді, - деді алғысын білдіріп.

Жастарды қолдап келген Алматы қалалық жастар саясаты бойынша басқармасының бастығы Бақтияр Мәкенұлы университеттің қалыптасуы мен көркеюіне атсалысудың маңызды екендігін айта келе, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Студенттер қауымын еңбексүйгіштікке тәрбиелеп отырған топ жетекшісі Жұмағали Есенбекке алғыс білдіріп, Алматы қаласы әкімінің атынан шағын сыйды тарту етті. Сондай-ақ, бұл игі шараға студенттік құрылыс қозғалыстарының ардагерлері - 1974 жылдан бергі құрылыс жасағында еңбек еткен сол кездегі студенттер - қатысушыларға арналған сәлемдерін жолдады. Қазіргі студенттік қалашықтың пайда болуы мен дамуына орасан зор үлесін қосқан, бүгінгі студент білім алып жатқан ғимараттардың кірпішін қалаған сол жылдардағы балғын жастар осындай қоғамдық шаралардың тәрбиелік маңызы зор екендігін атап өтті.

- Әр студент өз ісімен оқып жүрген қарашаңырағы, туған қаласы мен мемлекетіне қамқорлық көрсете отырып, кейінгі буынға үлгі болуы керек. Әр қайсымыз университет қалашығының дамуына өз үлесімізді қосатын болсақ бұл жер гүлдене түседі, - деді өз сөзінде СҚЖ-ның озаты Динара Сәдуақасова.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі