ҚазҰУ және ЕҰУ қос дипломды магистрлерді даярлауға кірісті

30.06.2010

Көрулер: 3659

Қазақстанның жетекші жоғары оқу ордалары - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиеті және Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қос диплом бағдарламасы бойынша магистрлерді бірлесіп дайындау жөнінде келісім жасасты. Бұл отандық кадрларды дайындау жолындағы жаңа қадам болмақ. Келісімге жоо ректорлары Бақытжан Жұмағұлов пен Бақытжан Әбдірайым қол қойды.

Бұл келісім негізінде екі жақ арнайы магистрлерді дайындауда ортақ бағдарламаны жүзеге асыру үдерісіндегі қарым-қатынасты реттейді. Ортақ бағдарлама шеңберіндегі білім беру процесі бекітіліген оқу бағдарламасы мен қос диплом магистрлік бағдарламасы бойынша жүзеге асады. Бағдарлама аясында білім беру бағдарламасы «1+1» схемасы бойынша өтпек. Оған сәйкес магистрант 1-інші оқу жылын өзі тапсырған жоо-да, ал 2-нші оқу жылын әріптес жоо-да жалғастыратын болады. 5 мамандық бойынша – халықаралық құқық, халықаралық қатынастар, құқықтану, экономика және менеджмент - дайындықты жүзеге асыратын бұл бағдарлама әзірге ақылы негізде жүзеге аспақ.

– Бұл отандық білім беру саласындағы жаңа бастама. Бұған дейін ЖОО тәжірибесінде осыған ұқсас білім беру жобалары болмаған. ЕҰУ ректоры бұл бастаманы бірден қолдап құптады. Қазақстанның классикалық екі жетекші университетінің ұжымдары ғылыми және педагогикалық ресурстарын біріктіріп, қазақстандық білімнің жаңа деңгейі мен жаңа сапасын көрсете білетініне мен сенімдімін, - деді ҚазҰУ ректоры Б.Т. Жұмағұлов.

Енді Астана мен Алматының үздік оқытушылары қос дипломды магистрлерді дайындауға тартылмақ. Жаңа оқыту бағдарламасы үлкен мүмкіндіктерге жол ашады, болашақ мамандарға ҚазҰУ мен ЕҰУ-дың ғылыми жұмыстарымен тәжірибе жүзінде танысуға және академиялық мобильділік шеңберінде өздері қажет деп санаған пәндерді таңдауға мүмкіндік береді. ҚазҰУ мен ЕҰУ-дың дипломдары бар мамандар бәсекеге қабілеттірек және еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие болмақ, - деп санайды ЕҰУ ректоры Бақытжан Әбдірайым мырза.

Екі оқу ордаларының жетекшілері мен ұжымдары жаңа жобаның жемісті болып, еліміздің басқа да жоо-ларында жалғасын табатындығына сенімді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі