Ұстазды ұлағаттау

29.06.2010

Көрулер: 3565

23 маусымда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ҚР ҰҒА академигі, «Құрмет» орденінің иегері, заң ғылымдарының докторы, профессор Ғ.С. Сапарғалиевтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Қазіргі жағдайдағы Қазақстан қоғамының саяси жүйесін жетілдіру мәселелері» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференцияда еліміздегі заң ғылымының беткеұстар ғалымдары, түлектері және Қазақстанның түкпір-түкпірінен мерейтой иесін құттықтай келген қонақтардың басын қосты.

Пленарлық отырысты ҚазҰУ ректоры академик Бақытжан Жұмағұлов ашты. Ол ғалымның ғылыми қызметінің негізгі бағыттарына тоқталып өтті: Ғайрат Сапарғалиев -тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы, мемлекет және құқық туралы отандық ғылымның дамуы, түрік құқықтық ойдың ежелгі ескерткіштерін зерттеуге үлкен үлес қосқан республикадағы атақты ғалым-құқықтанушы, қоғамдық және саяси қайраткер. Оның зерттеулері және ғылыми ұсыныстары қолданыстағы конституциялық заңнамада көрініс тапты.

ҚР Президенті бұйрығы бойынша Ата Заңымыздың жобасын дайындауға қосқан үлесі үшін Республикамыздың еңбек сіңірген заңгері атағы берілді. Ғ. Сапарғалиев - еңбек жолында 60-тан астам монография мен ЖОО мен мектеп бағдарламасына арналған «XX ғасырдың басындағы Қазақстандағы әлеуметтік ой», «Конституциялық жауапкершілік» (басқа авторлармен бірігіп); «әл-Фарабидің мемлекеттік-құқықтық көзқарастары»; «Кеңестік Қазақстанның мемлекет және құқық тарихы» (үш томдық, 1961, 1963 және 1965 жж., басқа авторлармен бірігіп) сынды ғылыми еңбектердің авторы.

Конференция жұмысына қатысқан ҚР Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Донаков Талғат Елбасы атынан мерейтой иесіне жолдаған құттықтау сөзін оқыды. Әріптесін құттықтай ҚР ҰҒА академиктері Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Мұрат Баймаханов, Сағындық Сатыбалдин келді. Сонымен қатар конференцияға Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Президенті Мурат Журинов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов және республиканың басқа да қоғам қайраткерлері мен атақты ғалымдары қатысты.

ҚазҰУ-дың заң факультетінің тұңғыш деканы, Ғайрат Сапарғалиевтің докторлық диссертациясына ғылыми кеңесші болған академик Салық Зиманов «Қазақ билерінің тарихи тәжірибесі негізінде ҚР құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелері» атты баяндамасы жиналған қауымның көңілінен шықты. Ректор Бақытжан Жұмағұлов бұл баяндама жыл бойы заң факультетінің студенттеріне дәріс ретінде оқылатынын айтты.

Қазіргі таңда академик Ғайрат Сапарғалиев ҚазҰУ-да ашылған Құқық және мемлекет институтына басшылық етіп, «Модернизациялау кезеңіндегі қазақстандық қоғам саяси жүйесінің қалыптасуы мен дамуы, теория мен тәжірибе мәселелері» тақырыбында ізденіс жүргізіп жатқан ғылыми ұжымға жетекшілік етіп отыр.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі