Келесі жыл – ЖОО оқулықтар жылы!

22.06.2010

Көрулер: 3195

Бұл жаңалықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жоғары және одан кейінгі білім беру республикалық оқу-әдістемелік кеңестің қатысушыларына Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне іс-сапармен барған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Бақытжан Жұмағұлов хабарлады. Ректордың басшылығымен университеттің 20 топ-менеджерлері де аталмыш шараға қатысты.

ҚарМУ-дың 500-ден астам профессорлары мен оқытушылары, Қазақстан жоо-ларының 25 проректорлары, ҚР БҒМ бас мамандары бас қосып, жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша халықаралық стандарттарға жауап беретін мамандарды дайындап шығару мәселесін күн тәртібіне қойды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры, академик Бақытжан Жұмағұлов «Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген маңызды бағыттар негізінде бүгінде мемлекетіміздің өркендеу кезеңін бастан өткізіп отырғанымызды», - атап өтті. Жетекші жоғары оқу ордалары Болон үдерісінің шарттарына жауап беруі үшін оқытушылар мен студенттердің мобилділігін арттыруға, бірлескен ғылыми және оқу бағдарламаларды жүзеге асыруда жоо аралық және халықаралық байланыстарды нығайтуға, білім сапасын арттыру, кәсіби білікті мамандарды дайындау және оқу гранттарын бөлуде мемлекеттік тапсырыстарды қалыптастыруға назар аудару керектігін айтты.

Білім саласының білікті маманы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің және АҚШ-тың Солтүстік Каролина университетінің профессоры Хал Фостер Қазақстан университеттерінің интернационалды білім беру саласы мен дүние жүзіне енгізілген оқу кредиттерінің енгізілуін жетістікке жатқызып отыр.

Кездесудің басты жаңалығы – жұмыс беруші ұйымдардың қатысуы болды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен Қазақмыс компаниясының өкілдері ірі компаниялардың сұранысына жауап беретін білікті мамандарды дайындау, жұмыс беруші компаниялардың оқу бағдарламалары мен түлектерді жұмысқа орналастыруға белсенді түрде атсалысуды ұсынды.

Б. Т. Жұмағұлов келесі жылды оқулықтар жылына арнауды ұсынды. Бұл көпшілік үшін таңсық хабар еді, алайда көпшілік арасынан қолдау тапты. Ондағы басты мақсат – отандық оқулықтардың сапасын жетілдіру мақсатында мемлекеттің білікті ғалымдар күшін оқу құралдарын шығаруға жұмылдыру.

Аталмыш ұсыныстардан кейін сөз сөйлеген Ш. Есенов атындағы технология және инжиниринг бойынша Каспий университетінің ректоры Ә. Әбжаппаров қазіргі ақпарат техноголиялар бойынша оқытушылардың біліктілігін жетілдіретін арнайы республикалық орталықты құру керектігін айтты. ҚарМУ-дың ректоры өз кезегінде Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің өкілдерін қуана қарсы алды. Мәжіліс төрағасы Бақытжан Жұмағұловты ҚарМУ-дың Құрметті доктор атағымен құттықтап, Қазақстанның жоғары білім беру ордасының көшбасшысы ҚазҰУ-дың стартегиялық ұстанымын және интеллектуалды қорын ерекше атап өтті.

Арнайы ұйымдастырылған оқу-әдістемелік құралдардың көрмесінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тағы да өзінің көшбасшылығын мойындатты.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі