ҚазҰУ І-ші Халықаралық Жолдасбеков симпозиумына дайындық үстінде

09.06.2010

Көрулер: 3042

Келесі жылдың наурыз айында Алматыда белгілі ғалым, білім және ғылым саласының майталманы, мемлекет және қоғам қайраткері Жолдасбеков Өмірбек Арсыланұлының 80 жылдығына байланысты І-ші Халықаралық Жолдасбеков симпозиумы өтеді. Бұл жөнінде академик Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен өткен ұйымдастыру комитетінің алғашқы мәжілісінде талқыланды.

Мәжіліс төрағасының мәлімдеуінше, Жолдасбеков симпозиумын өткізудің басты мақсаты Қазақстанның білім және ғылым саласына зор еңбек сіңірген тұлға, белгілі қайраткер және ұлы ғалымның аруағына бағышталады.

Мұндай шара Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылмақшы. Ұйымдастырушылардың пайымдауынша, симпозиум кең ауқымды түрде өтеді, ол тек отандық қана емес, дүниежүзілік ғылыми қоғамдастыққа да таралатынына сенімді.

- Бұл бас қосу дүние жүзіндегі белгілі ғалымдардың бас қосып, жаһандағы білім және ғылым саласында туындаған өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді, - деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры мән-жайды түсіндіріп.

Айта кетсек, дүние жүзіне белгілі ғалымдардың тізімінде Өмірбек Арсыланұлының балалары – профессорлар Баян және Скандарбек Жолдасбековтер бар.

Қатысушылар аталмыш шараның маңыздылығын ескере отырып, ұйымдастыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, белгілі ғалымның еңбектерінен тұратын жинақ шығарып, көрме ұйымдастыру және өмірбаянына арналған деректі фильм дайындау жоспарлануда.

Жиын барысында ғылыми секциялардың бағдарламалары анықталып, симпозиум сайтының тұсауы кесілді. Мәжілістің келесі отырысы биылғы жылдың қыркүйек айында өтеді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі (727) 377 35 20