Студенттер мемлекеттік рәміздерді мақтан тұтады

05.06.2010

Көрулер: 3078

4 маусымда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң, тарих пен философия және саясаттану факультеттері Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті. Кездесу аясында мемлекеттік рәміздерді халық арасында кеңінен насихаттау, олардың жастар өмірінде алатын орны, тәрбиелік мәні талқыланды. Мемлекеттің айтулы мерекелерінің біріне арнап ҚазҰУ-дың 13 құрылыс жасағы «Менің Туым, менің Елтаңбам, менің Ұраным» атты мерекелік сайыстарды ұйымдастырды.

Студенттер аталмыш шараға белсенді түрде атсалысқан болатын. Сайыс тапсырмаларын орындай жүріп, тақырып аясында таланттары мен шығармашылық көзқарастарын ортаға салды. Сайыстың екінші туры мемлекеттік рәміздердің шығу тарихы мен ел арасында таралуына арналды.

Студенттер жасағы құрылғалы бері өзінің әр іс-әрекетімен жастар қауымына патриоттық тәлім-тәрбие көрсетіп келеді. Осы бағытта көптеген істердің басын қайырып та үлгерді. Жазғы демалыста құрылыс жасағының құрамында жұмыс істейтін студенттерге мұндай шараларды ұйымдастыру рухани азығын байытып қана қоймай, мемлекеттің дамуына өз үлестерін қосуға мүмкіндік береді.

Егер жыл сайын осындай шаралар неғұрлым көп болса, соғұрлым патриоттық рух та асқақтайды деген сенімде жастар қауымы.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі