ҚазҰУ-да өтетін ҰБТ-ға ата-аналар сенімді

04.06.2010

Көрулер: 3141

4 маусымда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтетін Ұлттық бірыңғай тестке Бостандық ауданының 23 орта мектебінен 1399 оқушы қатысты. Сынақ екі күнге жалғасқан.

ҰБТ-ға арнайы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан экономика, заң және биология факультеттерінің 7 дәрісхана бөлінді.

ҰБТ сияқты маңызды оқиғаның бірі ҚазҰУ-да өтетіндігі біз үшін мәртебе дейді оқушылар. Себебі, бір жыл бойы дайындық курстарын осы дәрісханаларда тапсырып әбден таныс болған. Сондай-ақ киелі қарашаңырақтың ерекше қасиеті жаңа өмір белесін бастағалы отырған әр оқушының бойына сенімділік ұялатады.

ҚазҰУ-да ҰБТ-ны өткізудің бір тиімділігі – ата-аналар http://www. kaznu.kz. университет сайтынан он-лайн жүйесі арқылы оқушылардың сынақты тапсыру аясын тамашалай алуында. Бұл тәсіл іскер және алыс ауыл аймақтағы ата-аналар үшін аса тиімді. Бір сөзбен айтқанда, ата-аналар балаларының ҰБТ-ны тапсыру мезгілін толық қадағалай алады.

Еске салсақ, биыл «әл-Фараби» пәндік олимпиадасының нәтижесі бойынша 42 оқушы ҚазҰУ-дың грант орындарын жеңіп алды. Енді олар сынақтан сүрінбей өткен жағдайда мемлекеттің жетекші оқу ордасы ҚазҰУ студенттері атануға толық құқылы.

- Түлектердің қамын ойлап ҰБТ-ны жыл сайын жаңартып, жеңілдетуге тырысамыз. Биылғы сынақ алдыңғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда тыныш өтуде. Оқушыларды аудиторияларға еш кедергісіз жайғастырдық. Балалар да өз кезегінде тәртіпті болды, қалта телефоны, шпаргалкалар мен шектеу қойылған заттардан бойын аулақ ұстауға тырысты. Осыған байланысты сынаққа ата-аналар мен оқушылардың аса жауапкершілікпен қарағандарына алғыс білдіреміз. Бұл – университетте жыл сайын жүргізіліп келе жатқан дайындық сынақтардың жемісі деп білеміз. Есік алдында қаптап жүрген ата-аналарды көрмейсіз, бұл сынақтың адал өтуіне деген сенімділік. Сондай-ақ, далада тосып жүрген ата-аналардың жағдайын да ескеруге тырыстық, университеттің он-лайн жүйесі арқылы сынақтың өту барысын тамашалай алуға мүмкіндік туды, - дейді ҚазҰУ-дағы ҰБТ Орталығының директоры Дария Алпысбаева.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше емтихан уақыты - 3,5 сағат. ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері сынақ нәтижелері кешкісін дайын болатындығын мәлімдеді. Сынақ нәтижелерімен келіспеген жағдайда ертеңгісін қайта тапсыруға мүмкіндік бар. ҰБТ ұйымдастырушылары аппеляцияға тапсырушылар саны жыл сайын азайып келе жатқандығын айтады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі