Ғаламдық ойдың адамы

28.05.2010

Көрулер: 3706

«Егеменді Қазақстан - әлемнің эпицентрі» - жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен студенттер қауымы мен белгілі қоғам қайраткері, жазушы Олжас Сүлейменовтың бас қосуы осылай аталды.

Аталмыш бас қосуда ҚазҰУ-дың қабырғасында өтетін дәстүрлі дәрістеріне айналды. Осы жолғы кездесу Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан тәуелсіздігінің дамуы мен қалыптасуына арналды.

Бас қосудың ашылу салтанатында университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов Олжас Сүлейменовты өз отанының адал патриоты, белгілі ақын ретінде жоғары бағалады.

- Олжас Сүлейменов - Елбасының бастауымен әлемде ядролық қарусыз бейбіт өмір сүруді кеңінен насихаттап келе жатқан белгілі жаршы. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың саяси еркі мен «Невада-Семей» қозғалысының көшбасшысы О.О. Сүлейменовтың атсалысуымен біздің республикамыз ядролық қарусыз бейбіт өмір сүру саясатын ұстанып, соның арқасында дүние жүзі елдеріне үлгі көрсетіп келеді. Бұл тарихи маңызды оқиғалардың бірі Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде танылуына және ядролық державалардан сақтанудың тиімді кепілі. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан ядролық қарусыз бейбіт өмір сүруге бастайтын халықаралық қозғалыстың серкесіне айналды.

Мұндай бас қосулар ҚазҰУ студенттеріне елдегі болып жатқан маңызды оқиғалардың куәгерлері ретінде мемлекет ісіне араласып жүрген тұлғалармен бетпе-бет жүздесіп, Қазақстанның болашағына қатысты өзекті мәселелердің басын ашып алуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Олжас Сүлейменовтың пайымдауынша, жастар қауымы көштің ілгері буыны болғандықтан әрқашан да жаңалыққа дайын болады. ҚазҰУ-да жарты жыл бұрын болған қонағымыз университеттің өзгергенін, әрі жаңарғанын байқады. Қарашаңырақты аралай жүріп алған әсерінен жаңа ойға шомылған қонағымыз бірталайымен кездесу барысында бөлісті.

Бас қосуда талқыланған өзекті мәселелердің ішінде ең маңыздысы қазақ халқының болашағы еді. Әлемде барлығы 200 ұлт бар, соның ішінде қазақ халқы мыңдаған жылдар бойы өз елінің іргетасын қалап, тәуелсіз елдің тұғырын көтеруде талай жылдар бойы еңбек етіп келді, енді осының бәрінен құр қалмайық деген ниет білдірді. Оған көрші ел Қырғыздағы жағдайдың ушығуы себеп болды. Біздің білікті саясаткерлер басқа елдің тәжірибесіне сүйене отырып, болашақта мұндай қателіктердің болмауын қадағалауы тиіс. «Төңкеріс деп отырғанымыз кері жүру. Эволюция дегеніміз – іргелі қадам. Біздің жолымыз – эволюция жолы», - деді сеніммен халық жазушысы.

Ұлттық доктрина аясында О. Сүлейменов: «Бәріміз де бір үйдің баласындаймыз – қоғам, этно топтар, дін, кластар – мның бәрі бірімен бірі байланысты. Біздің Қазақстан сияқты. Біз жалпыұлттық сананы дамытып, көпұлтты ортада өмір сүруге үйренуіміз керек», - деді сөз аясында.

Сондай-ақ, Олжас Сүлейменов әрдайым қазақ халқының қамын қорғаудан тайынған емес. 1976 жылы жарық көрген «АЗиЯ» кітабы жоғары бағаланды. Сол жылдары бұл кітап академиялық қоғамдастық арасында қатты сыналды.

- Ол еңбегімде менің халқыма деген махаббатымды түсінбеді. Сондықтан мен де алған бетімнен қайтпадым. Ең бастысы еліме және өзіме адал болуды мақсат тұттым. Мен өз қазағымды және өзге елді қадірлей білемін, - дейді ақын ағамыз.

Қазіргі таңда Отанды сүю аса маңызды дейді О. Сүлейменов. Іс сапармен болған елдерде Израиль, Сирия, Кавказ, Шешенстан, Бакуде ол осы айтқанынан таймады.

Елбасының мерейтойы қарсаңында О. Сүлейменов мемлекеттің тағдыры мен көшбасшысы жөнінде ой толғады.

- Мен әр түрлі елдерде болдым. Сондықтан көшбасшы, қоғам, демократия, лақап демократиямен жақсы таныспын. Жақында бір бума қазақ газеттерін алып оқыдым, бір байқағаным, жартысынан көбі оппозициялық басылымдар екен. Ресейде «Новая волна» атты жалғыз оппозициялық басылым бар. Өзбекстанда ондай басылымдар мүлдем жоқ. Ал Әзірбайжанда бар.

Бізде сөз бостандығы бар. Үкімет билігі мен оппозиция арасында қарым-қатынастар жүріп жатыр. Ең бастысы, осы құрылымдардың байланысы болашақта қалай дамиды, басты мәселе сонда. Оппозиция үкімет билігінің қалыпты жұмыс істеуіне көмектесіп, сондай-ақ «сөз бостандығының» мәдениеттілігін бұзбауы тиіс.

«Біздің елде батырларымызды есімін аяққа таптайды. Бұл қадірін білмейтін наданның ісі», - деді тарихи тұлғаларды сөз етіп. Жазушының пайымдауынша, тарихи сала әдебиет пен өнерге жақын. Сондықтан ғылыми салаға жақындату керектігін атап өтті.

Биылғы Ұлы Жеңістің мерейтойына орай қазақтың ұлы батырларын Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбайұлы, Әлия Молдағұлова және Мәншүк Мәметованы еске алды. Олардың есімі қазіргі жастардың жадында қалуы тиіс. Қарашаңырақтың белгілі түлегі жастарға тұрмыста қарапайым, ал оқу мен қызметте қасқыр болуды өнеге етті.

Сауалдарға жауап бере отырып қонақ басқарып отырған қозғалыстың жұмысын қадағалап отырғандығын мәлімдеді, соның ішінде Қазақстандағы ядролық қауіпсіздікті сақталуына тоқталды. Қырғыздағы жағдайды талқылай келе, жақын досы қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовты еске алды. Сондай-ақ, биылғы күзде Францияда әл-Фараби мұрасына арналған конференция өтетіндігін мәлімдеді. Осы шараны ұйымдастыруда туған қарашаңырағы қолдау көрсететіндігіне сенім білдірді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі