ҚазҰУ студенттері «POSCO» қорының шәкіртақысына ие болды

12.05.2010

Көрулер: 3444

2010 жылдың 7 мамырында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 20 студентіне Т. Дж. Пак атындағы ПОСКО комбинаты (Оңтүстік Корея Республикасы) қорының шәкіртақы сертификаттары берілді. Осы орайда Алматыға ПОСКО қоры бағдарламасының директоры Хон Дэ-Сунг (Hong Dae-Sung) мырза арнайы іс-сапармен келген болатын.

Оңтүстік Кореяның ПОСКО (POSCO) компаниясы әлем елдерінің ішіндегі металлургия және болат өндіретін ірі компанияларының бірі. 1971 жылы осы компанияның негізін қалаушы Т. Дж. Пак атындағы қордың демеушілігімен құрылды. Қор жұмысы мемлекеттің және шетелдегі ғылым, мәдениет, білім салаларын дамытуға бағытталған.

2006 жылдан бастап Қор Азия елдерінің үздік студенттеріне шәкіртақы бөлу бағдарламасын енгізген болатын. Осы орайда алғашқылардың бірі болып әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қарым-қатынас орнату меморандумына қол қойды. Келісім мерзімі – 3 жыл, 2007 жылы 25, 2008 және 2009 жылдары ҚазҰУ-дың 20 студентіне 500 АҚШ доллары көлемінде шәкіртақы бөлінді.

ҚазҰУ басшылығының тарапынан қонақтарды оқу жұмысы жөніндегі проректор Мұрат Орынханов қарсы алды.

- Жақында ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Кореяға сапары Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени және экономикалық қарым-қатынасты жаңа бір сатыға көтеріп, нығаюына жаңа серпін қосты. Осыдан төрт жыл бұрын ҚазҰУ мен ПОСКО қоры арасында қалыптасқан қарым-қатынастың дәстүрлі жалғасып келе жатқандығына қуаныштымын, - деді М. Орынханов.

Қор өкілі өз кезегінде Қазақстанның жетекші оқу ордасымен жемісті еңбек етіп келе жатқандығын мәлімдеді. Корея Республикасының ірі компаниялары жаңа кадрлерді жұмысқа тартуда аса мән бөледі, сондықтан Қор жұмысы қазақстандық студенттердің біліктілігін арттыруға бағытталған. Хон Дэ-Сунг мырза шәкіртақы алушыларды Кореядан білім алуға шақырды. Шәкірталушылардың атынан шығыстану факультетінің 3-курс студенті Нұрбосын Әуесханов сөз сөйледі. Кәріс тілінде қор өкіліне ҚазҰУ студенттерінің атынан шексіз алғысын білдіріп, екі жақтың артып отырған үмітін ақтайтындығын мәлімдеді.

Шәкіртақы алған студенттердің ата-аналары қарашаңырақ пен қор өкілдеріне шексіз алғысын білдіріп жатты. «Бұл біздің отбасымыз үшін аса маңызды оқиға, сондықтан Семейден арнайы келіп отырмын. Қызымның жетістіктерін көріп, қуанышқа бөлендім. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басшылығына осындай қолдау көрсетіп отырғандығына алғысым шексіз. Баламның сапалы білім алуын армандаған едім, ҚазҰУ сол мүмкіндікті беріп отыр. Университеттен алған білім отандық, сондай-ақ, шетелдік нарықта да бағаланады. Білім нәрімен сусындап отырған қарашаңыраққа, балаларымыздың болашағына да сеніміміз мол», - деді өз сөзінде Балзия Бейсенғалиеваның анасы Бақытгүл Омарова.

Биылғы жылы Қор шәкіртақысына ие болған шығыстану факультетінің 2-3-курс студенттері - Сәуле Сәбитова, Данияр Мелин, Нұрбосын Әуесханов, Балзия Бейсенғалиева, Жазира Әлібекова, Алина Бәкібаева, Есен Айтмағанбетов, Ақтолқын Рүстемова, сондай-ақ Айгүл Тоқтиева (тарих факультеті), Мадина Омашева (биология факультеті), Айгүл Ерғалиева (физика факультеті), Назерке Жоламан (филология факультеті), Данияр Мұқанов (экономика және бизнес факультеті), Айбек Қойшығарин (география факультеті), Айнұр Ақынбаева (журналистика факультеті), Қайрат Бұрханбеков (химия факультеті), Назерке Әділова (заң факультеті), Абылайхан Ақберген (философия және саясаттану факультеті), Гүлмира Ішкібаева (халықаралық қатынастар факультеті), Нұрбол Әбенов (механика-математика факультеті).

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі