Студенттер арасындағы республикалық «Ұлы жылдарға тағзым!» атты байқауы

20.04.2010

Көрулер: 3177

19 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ұлы Отан соғысының 65-жылдық мерейтойына арналған студенттер арасындағы республикалық «Ұлы жылдарға тағзым!» атты сахналанған әскери-патриоттық әндер байқауы өтті.

Байқауда республика бойынша 12 жоғары оқу ордаларының көркемөнерпаздар ұжымы бақ сынасты. Атап өтер болсақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Қазақ медициналық университеті, Қ. Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті (Астана), С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті, Қазақ-Американ университеті, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті (Талдықорған), Тараз Мемлекеттік педагогикалық институты, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің (Шымкент) студенттері.

Байқау екі кезеңнен тұрады. Байқаудың бірінші кезеңі республиканың жоо-да наурыз-сәуір айларының аралығында өтсе, екінші кезеңі Алматы қаласында қорытындыланды.

Байқау тақырыбы Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына арналды. Байқаудың басты мақсаты – жастардың бойында азаматтық және отаншылдық сезімдерін ояту және еліміздің мәдени мұраларына деген құрметін арттыру, патриоттық бағыттағы шығармаларды кеңінен насихаттап, соғыс жылдарындағы әуендер арқылы жастарды поэзия мен ән шығармашылығына баулу.

Байқау шарты – әскери-патриоттық тақырыпқа арналған әннің мазмұнын сахналауға негізделген. Сахналанған шығарманың көркемдік деңгейі мен орындалуына, әртістік шеберлігі мен көркем туындының құрылымдық тұтастығына, қойылымның хореографиялық ерекшелігіне он бағасын берген әділ-қазылар алқасының құрамындағы ҚР еңбегі сіңген қайраткер, ҚР білім беру ісінің үздігі, ҚР хореографтар Одағының мүшесі, профессор Жан Қапесов; ҚР еңбегі сіңірген әртісі, әнші Бағдат Сәмединова; “Айқын” Республикалық қоғамдық саяси газеті Бас редакторының орынбасары, Қыдырбекұлы атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының мүшесі Ермахан Шайхыұлы; белгілі сазгер, продюссер, музыка өңдеуші, ҚР еңбегі сіңірген қайраткері Ермек Елгезеков; “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакторының орынбасары, ақын, сазгер Бекжан Әшірбаев және бірнеше байқаулардың жеңімпазы, қазақ эстрадасының жұлдызы, әнші Мадина Садуақасова сияқты айтулы азаматтар мен азаматшалар жастарымыздың өнерлерін он бағалады.

Байқау жеңімпаздары дипломмен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Қазылар алқасының шешімімен 3-орын Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына; 2-орын І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне; 1-оынды С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне (Астана) бұйырды. Бас жүлде - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің еншісінде.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі