ҚазҰУ-да қылмысты саясаттың өзекті мәселелері талқыланды

02.04.2010

Көрулер: 3007

Жақында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қылмыспен күрес мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығы мен Қазақстан Криминология ассоциациясының бірлесіп ұйымдастыруымен “Қазіргі қылмыстық саясат: интеграциялық үдерістер аясындағы негізгі бағыттары мен басымдылығы” атты халықаралық ғылыми-тәжрибелік конференциясы өтті.

Конференцияны ашқан проректор Мұрат Орынханов қаржылық демеушіліксіз халықаралық деңгейде қылмыспен күрес жүргізу қиынға түсетіндігін айтты. Сондай-ақ, мемлекетаралық бағдарламалар аясында қабылданған іс-шаралар ұлттық нақышта сипатталуы тиіс. ТМД елдері соның арқасында жұмыс барысын реттейтін шешімдер қабылдап, тәжірибе жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндіктері бар.

Конференцияға ҚР Президенті әкімшілігінің, ҚР Бас прокуратурасының, ҚР Жоғарғы Сотының, ҚР Ішкі істер министрлігінің, ҚР Әділет министрлігінің, ҚР Конституциялық Кеңесінің жауапты өкілдері мен Алматы қалалық ІІБ департаментінің бастығы, генерал-майор Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Қаржы полициясы Алматы қалалық департаментінің бастығы Мақсат Дүйсенов, ҚР ІІМ Академиясы бастығының орынбасары Борис Абдрахманов, ҚР ҰҚК Академиясы бастығының орынбасары Ислам Абсаметов, Қарағанды «Болашақ» университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков, Қарағанды «Болашақ» университеті заң факультетінің деканы Сергей Пен және т.б. қонақтар қатысты.

Басқосуда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қылмыстық құқықтық саясатын жетілдіру мен ТМД-ның ұлттық қылмыстық, қылмыстық – атқару, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын бір жүйеге түсіру мен үйлестіру; терроризм мен экстремизмге қарсы күрестің құқықтық негіздерін жетілдіру және қаржыландыру көздерін жою; экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы құқық қорғау органдар қызметіндегі өзара ынтымақтастық; компьютерлік ақпараттар саласындағы қылмыстан сақтандырудың тиімділігі мен трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа (адам саудасы, наркорафик, заңсыз миграция, жалған ақша жасау) қарсы тұрудың өзекті мәселелері талқыланды.

Алматы қалалық Ішкі істер департементінің бастығы, полиция генерал майоры Ерлан Тұрғымбаев бүгінгі қылмыстық ахуал мен оған қарсы күресті жетілдіру жөніндегі ой-пікірлерімен бөлісті. Қылмысқа қарсы күрестің бүгінгі жағдайы жөнінде жасалған баяндаманың мәліметтеріне сүйенсек, шекара аймағындағы жағдай Кедендік одақтың атқаратын жұмысына байланысты күрделене түсуде. Есірткі тасымалы мен заңсыз көші-қонның, ұйымдасқан қылмыс түрлерінің жаңа сипат алуы әбден мүмкін. Сондықтан заңсыз көші-қонды шектеу үшін одақ кезінде қалыптасқан жүйе бойынша қаладағы әр азаматты тіркеуге алып, жаңа талаптар қойылуы тиіс деді сөз барысында.

Сондай-ақ, салық салу саласындағы қылмысқа қарсы күресте қолданылатын заңдардың үйлесімділігі мен өзектілігі, банк қызметіндегі қылмыстар мен қылмыстық жолмен табылған табыстарды заңдастыру әрекетіне тосқауыл қоюдың маңызды сұрақтары талқыланды.

Бұл іргелі жиын Елбасының қылмыспен күресті ымырасыздықпен жүргізу талабынан туындаған қылмыстық саясаттың өзге де мәселелерін қарастырды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі