Мысырда ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының бөлімшесі ашылды

01.04.2010

Көрулер: 3183

Жақында Араб Республикасының астанасы Мысырда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түлектер қауымдастығы ашылды. Шетелде қауымдастық бөлімшесінің ашылуы – Каирге ҚазҰУ өкілдерін бастап барған ректор Бақытжан Жұмағұловтың Мысырда білім алып, жұмыс істеп жүрген қазақстандық студенттермен кездесудің жемісі деп білеміз. Кездесуге Мысырдан, Сирия мен Мороккодан келген ҚазҰУ-дың 50-ден астам студенті Қазақстанның сыртқы және ішкі саяси мәселелерін, тұрмыстық жағдайы мен оқу жүйесін сөз етті.

Шетелде жүрген жастардың көңілін қазіргі Қазақ ұлттық университетінің жағдайы елең етті. Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Қазақстан Республикасы Президентінің ақпандағы Жолдауы аясында білім мен ғылымды дамыту жұмыстары негізінде университеттің бағыттары мен ұстанымдарын баяндап берді.

Студенттер қауымының өкілдері Каирде ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының бөлімшесін ашуды ұсынды. Университет өз кезегінде бұл ұсынысты толықтай қолдайтындығын мәлімдеді. Бөлімшенің төрағасы болып МАР-ғы ҚР Елшілігінің бірінші хатшысы Бақыт Батыршаұлы сайланды. Б. Батыршаұлы белгілі ғалым, ҚазҰУ-дың шығыстану факультетін тәмамдап, туған қарашаңырағында бірнеше жыл бойы дәріс оқыған.

Сондай-ақ, ҚазҰУ өкілдері Мысырдың ірі оқу ордалары – Каир университеті және Айн Шамс Университетімен қарым-қатынасты орнату мақсатында арнайы келісім-шартқа қол қойды. Құжатта екі жақтың студенттері және оқытушы-ғалымдармен білім алмасу, студенттердің мобильділігі, ҚазҰУ оқытушыларының біліктілігін арттыру, экспериментальды түрде магистрлік және бакалавр оқу бағдарламаларын енгізу, оқу несиелеріне өзгерістер енгізу мәселелері қамтылған.

Еске түсірсек, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түлектер қауымдастығы былтырғы университеттің мерейтойлық кездесуінде құрылып, төрағасы болып Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қайрат Мәми сайланды. Түлектер қауымдастығының бөлімшелері Қазақстанның барлық облыстарында, Мәскеу мен Лондонда да ашылған. Жақында Алманияда бір бөлімшеміз ашылады деп күтілуде.

Бүгінгі таңда ҚазҰУ-ды түлеп ұшқандардың саны 125 мыңдай. Олардың әрқайсысы мемлекеттің білім беру жүйесін дамытуда атсалысып, интеллектуалды және қаржылай көмек көрсетіп, ғылыми форумдарды ұйымдастырып, оқу бағдарламаларын жетілдіріп, жас мамандардың жұмыс орнымен қамтамасыздандырып келеді.

Ашылған ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының жұмысы Мысыр Араб Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылатын болады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі