«Қазақ газеттерінің» 10 жылдық табысты еңбегі!

13.03.2010

Көрулер: 3307

11 наурызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақ газеттері» ЖШС-ның құрылғанына 10 жыл толуына байланысты «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық процестер: PR, БАҚ менеджменті және маркетингі» атты халықаралық ғылыми-практиалық конференциясы өтті. Аталмыш шараны ҚазҰУ-дың журналистика факультеті ұйымдастырған болатын.


Бас қосуда медиахолдингтің құрамына кіретін барлық баспасөздің бас редакторлары қатысты: «Ана тілі», «Ақиқат», «Мысль», «Үркер», «Экономика», «Ұйғыр авази» және т.б. Шараны «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры-редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин жүргізді.


- Біз де осы киелі қарашаңырақтың түлегіміз. Жастайынан журналистика саласына белсенді қатысып, жаңа өзгерістер енгізуге, сапалы еңбек етуге талпындық. «Қазақ газеттері» ЖШС-ның құрылғанына 10 жыл толуына байланысты түлеп ұшқан қарашаңырақта бас қосуды жөн көрдік. Бір жағынан журналистика саласында ілім алып жатқан жастармен тілдесіп, ақыл-кеңес беру болса, екіншіден, студенттердің қазіргі қазақ баспасөзіне көзқарасын білу мақсатында жиналып отырмыз. Бұл жақсы дәстүрдің бастамасы ғана, - деді сөз басында Жұмабек Кенжалин.


Арнайы шақырылған қонақтардың құрамында «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат пен «Қаламгер-Медиа» орталығының атқарушы директоры Жанарбек Әшімжан болды.


- Аталмыш мерейтойды студенттермен тойлау дұрыс шешім болған екен. Бұл бас қосудың маңызы зор. «Қазақ газеттерінің» 10 жылдығы болашақ журналист боламын деген студенттерге жақсы үлгі, себебі олар оқырмандардың көңілінен шығу үшін менеджментті жақсы меңгеруі керек. Жұмыс аясында бір-бірімізден ұялмай, бірігіп жұмыс атқаруымыз керек, сонда ғана еңбегіміз жемісті болады, - деді атақты журналист Серік Жанболат сөз барысында.


Конференцияда бүгінгі Қазақстан БАҚ-тарындағы менеджмент және маркетингтің басымдықтары мен перспективалары талқыланды. Қазіргі қоғамда ақпарат деп отырғанымыз тек өндірістік фактор ғана емес, демократияның бір нышаны. Қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда идеология саласындағы ақпараттық байланыстарды тиімді басқару маңызды орын алып отыр. Сондықтан да мемлекетімізде ақпараттық қоғамды айқындайтын әлеуметтік-мәдени үрдістер: ақпараттық мәдениет, ақпараттық экономика, ақпараттық саясат және ақпараттық менеджмент пен маркетинг осы бастан қалана бастауы тиіс деген ұсыныстар жасалды.


- «Ана тілі» газетіне ҚазҰУ ғалымдары мен оқытушыларының жазған мақалалары көптеп келеді. Негізгі қамтитын тақырыптары - тіл, тәрбие, салт-дәстүр, ғылым және білім саласы. Сондай-ақ тұрақты авторларымыз да бар, мәселен, Аманқос Мектеп-тегі, Бауыржан Жақып, Жанғара Дәдебаев, Өтеген Күмісбаевтың мақалары үнемі жарияланып тұрады. Алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істеуіміз жемісті болатынына кәміл сенемін, - деді сөз кезегінде «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ыбырайым.


Өзекті мәселелердің басын ашып алғасын отандық БАҚ менеджерлері студенттерге шебер-дәрістерін өткізді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі