Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай "Ана тілі" газетінде жарияланған мақаласы.
Ұлы Даламызда ұлттық сөздің туын көтерген тұлғалар аз болған жоқ. Арғы кезеңнен жеткен жыраулық сарын мен ақындық айдынды екі қоғамдық формацияның кезеңінде ара жігін білдірмей, сөз жүйесін бүлдірмей, түгел сөздің түбі бір қасиетін барынша көрсеткен ұлы жырау-ақын Жамбылдың даңқы қазақ халқының мерейі мен мәртебесі болды. Сыналар жерге келгенде санадан сөз суырып, елдің еңсесін, тыңдаушының танымын биікке көтерген Жамбылдың әр кезеңдегі мерейтойлары халықтық қазына ретінде аталып келеді. Ұрпақтар сабақтастығын ұлы өнерімен жалғаған жыраудың соңында қалдырған мол мұрасы қай кезде де ұлтымыздың рухани қазынасы екені даусыз. Сондықтан Жамбыл туралы сөз – қазақ сөзінің қасиеті туралы сөз.
Тәуелсіздігіміздің салтанатты 30 жылдық мерекесі қарсаңында аталып өтер үлкен игі-шараның бірі – жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы. Жыр дүлдүлі Жамбыл Жабаевқа деген қазақ халқының шексіз құрметін, ыстық ықыласы мен ілтипатын тәуелсіздік идеясы тұрғысынан қайта сараптап, зерделеудің уақыты келді. Ақын қалдырған атақты әдеби мұралардың алтын арқауын саралағанда олардың өн бойынан азаттық ойдың ұшқыны айқын көрінеді.