ТДМ-4. Жұмыс берушілер ұйымдарының табиғи-техногендік тәуекелдер мамандығының студенттерімен кездесуі

 

20.11.2023 ж. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті География және табиғатты пайдалану факультетінің Картография және геоинформатика кафедрасының профессоры Ә.Ғ. Көшімнің “Тұрақты даму мақсаты” жобасы аясында «Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту» орталығы, «Қазселденқорғау» ММ, «Сейсмология институты» ЖШС мамандарымен студенттердің кездесу өтті.

Кездесу барысында келген мамандар өз жұмыстарымен таныстыра отырып, студенттерді өз мекемелерінен тәжірибеден өтуге және болашақта жұмыс жасауға шақырды. Қазіргі таңда табиғи қауіптердің алдын-алу, болжау және қауіптен кейінгі табиғатқа тигізген себеп-салдарымен жұмыс жасайтын мамандардың тапшылығын тілге тиек етті. Осыған байланысты кафедрада дайындалатын «Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» мамандығының студенттерін жақсы білім алып, өз білімдерін аталған орталықтарды шыңдап әрі қарай бірлесе жұмыс жасауға, әртүрлі жобаларға қатысуға шақырды. Өздерінің бағыттары бойынша атқарылған жұмыстарын және қолға алған жобалары туралы барлық ақпарат ашық түрде әлеуметтік сайтта берілетінін, сонымен қатар осы жерде берілген мәліметтерді өздерінің сабақтарына, курстық және дипломдық жұмыстарына пайдалануға болатынын айтып өтті.

Кездесу барысында сөз алған факультетіміздің деканы А.С. Ақтымбаева, келген мамандарға шын ниетімен алғыс білдіре отырып, болашақта бірлесе жұмыс жасауға, сонымен қатар студенттерге қолдау білдіріп жұмыс тәжірибелерімен бөлісуге, алдағы уақыттарда университет аясында жұмыс берушілермен болатын әртүрлі іс-шараларға белсенді қатысуға шақырды.

Ұйымдар тарапынан жетекші мамандар қатысты:

Сальменов Еркен Зейноллаұлы - ҚР ТЖМ «Сейсмология институты» ЖШС техногендік сейсмика зертханасының жетекші ғылыми қызметкері;

Әбішев Бауыржан Жұмағазыұлы - ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ ТЖ алдын алу және қорғаныс құрылыстарын пайдалану бөлімінің басшысы;

Чекирбаев Мейманбек Арықчиұлы - Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығы директорының орынбасары;

Оспанов Бақтияр Маратұлы - Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығының бас сарапшысы;

Есниязова Зульфия Серікқызы - Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығының бас сарапшысы.

Сондай-ақ студенттер өздері таңдаған мамандықты қаншалықты маңызды екенін сезініп, өздерін мазалаған сұрақтарына толық жауап алды.

Кафедраның профессоры Әсима Ғалымжанқызы сөз алып, біздің кафедра бойынша жаңадан ашылған «Табиғи техногендік қауіп-қатерлер» мамандығының студенттері үшін сіздермен кездесу өте маңызды екенін және мамандықтың қажеттілігі туралы айтып өтті.

Келген қонақтарға өз тарапымыздан ризашылық білдіре отырып, сыйлықтар табысталды және естелік ретінде суретке түстік.   Сонымен бірге, табиғи және төтенше жағдайларды зерттеу жолында жұмыс жасап жатқан барлық мамандарға жұмыстарына жеңілдік, әрқашан жұмыстарын абыроймен атқаруларын тілеп ыстық лебіздерін білдіріп шығарып салды.

Басылым күні :  26.11.2023