ДЕНІ-САУДЫҢ-ЖАНЫ САУ! Тұрақты дамудың мақсаты аясында тәрбие сағаты

 

      Болашақ қоғамда тұрақты дамыту үшін БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары негіз болып отыр. Олар адамзаттың жаһандық мәселелерін, оның ішінде кедейлікпен, теңсіздікпен, климаттың өзгеруімен күрес, қоршаған ортаның нашарлауымен т.б. күресіп, көптеген бағыттағы мәселелерді шешеді. Сондықтан БҰҰ 17 мақсаты өзара тығыз байланысты және біздің басқа елдерден қалыс қалмауымыз және 2030 жылға дейін соған жетуіміз маңызды екенін білеміз.

      Сол мақсатта География және табиғатты пайдалану факультетінің, геоинформатика және табиғатты пайдалану факультетінің, картография және геоинформатика кафедрасының 1-курс (1,2,3 топ қ/б) студенттері «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» мақсаты бойынша, салауатты өмір салтын қамтамасыз ету және барлығына кез келген жаста сау болуына ықпал ету деп ұрандатып, әсем қаламыз Алматыдағы ботаникалық баққа қаланың шулы көшелері мен күйбең тіршіліктен демалуға барып, алуан түрлі гүл, биік қарағай, әдемі қайыңдар мен емен, өзге де ағаштар мен Қазақстанның Қызыл кітабына енген бірегей өсімдіктерді тамашалап, таза ауада серуендеп демалып қайтты.

      Әлем ғалымдары табиғат аясында уақыт өткізудің психикалық және физикалық пайдасы бар екенін дәлелдеп отыр. Мамандардың айтуынша, аптасына бір рет екі сағат табиғат аясында уақыт өткізу денсаулыққа пайдалы. Яғни, екі сағат табиғат аясында уақыт өткізу жастар үшін де, қарттар үшін де бірдей пайдалы болып шыққан.

      Кез келген елдің болашағы-халқының денсаулығына байланысты екенін дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Ал біздің бағытымыз-салауатты өмір салты.

      Енді студенттеріміз аптасына бір күн, сабақтарынан бос кезде ботаникалық саябақта серуендеуді әдетке айналдыратындарын айтты.

 

Басылым күні :  27.10.2023