Кәсіподақ ардагері «Құрмет» медалін иеленді

23.04.2023

Көрулер: 578

«Ес білгелі қоғамға аз ба, көп пе қоғамдық қызмет атқарып келемін. Туған ауылымдағы сегізжылдық мектепте 3 сыныпта пионер қатарына қабылданып, 4-сыныпта-ақ Пионерлер дружинасы кеңесінің төрағасы болдым. Бұл бастауыш ұйым басшылығынан жоғарғы сыныптағы ағаларым өздері қашып, тек қыздарды тағайындап жүріпті. Ал сол саптағы апаларым енді қосылған мені өздеріне жетекші етіп сайлап алды...

Осы пәрменділігім Ресейдегі орталық университеттің бірінде оқыған студенттік кезімде де жалғасты. Курстағы апталық саяси ақпарат беруші, жастар ұйымының жетекшісі бола жүріп, көркемөнерпаздар үйірмесінің белсендісі ретінде байқауларға қатысып, сахнадан ән де салдым. Ай сайын аса көлемді қабырға газетін шығарып (сол үшін алғашқы ақшалай сыйлық та алғанмын), студенттерді қоғамдық жұмысқа тарттым.

Диплом алып, ұлттық кадр ретінде елге оралғаннан бері осы қара шаңырақта ғана жұмыс істеп келемін. ҚазҰУдің Автоматтандырылған басқару жүйесін құрушылардың бастапқы легінен екенімді мақтан тұтамын. Инженерлік қызметте жүріп, университет қызметкерлерінің жастар (комсомол) ұйымын құрысып, Алматыда алғаш рет «Достық» Дүниежүзілік университеттер фестивалін ұйымдастырдым» – деп жастық шағын еске алады ұлағатты ұстаз.

Әбенов Б.Қ. тәрбие жұмысымен көп айналысады – факультеттегі өзі құрған Қасым Аманжолов атындағы әдеби-шығармашылық бірлестік пен «Атамекен патриоттары» рухани-қоғамдық ұйымының жетекшісі және ұзақ жылдар авторлық «Мехматтағы музыкалық кештер» жобасын жүргізіп келеді. Осы құрылымдар аясында университеттің білім алушылары мен қызметкерлерінің танымал ақын-жазушылармен, көрнекті өнер мен мәдениет, құрметті қоғам және мемлекет қайраткерлерімен, театр және кино актерлерімен, музыкалық ұжымдар мен жеке орындаушылармен әдеби-танымдық шығармашылық кездесулер ұйымдастырып, студент жастардың творчестволық толысып, өнерлерінің өсуіне оң ықпал жасап жүр.

Биылғы мерейлі 70 жасқа толған мерекелі жыл да Болат Құсайынұлы үшін табысты жалғасуда. Ардагер ұстаз қоғамға еңбегі сіңген ардагер кәсіподақ мүшесі ретінде еліміздің салалық «Парасат» кәсіби одағының ең үлкен марапаты «Құрмет» медалін де төсіне тақты.

Себебі ұзақ жылдар ҚазҰУ қызметкерлері «Парасат» кәсіподағы комитетінің тұрғын үй-тұрмыстық комиссиясын басқара жүріп, осы оқу орнының 85 оқытушы-профессорлары мен қызметкерлерінің құжаттарын реттеп, «Отырар» жастар тұрғын үй кешені арқылы заманауи кең, жарқын пәтерлер алуына көп тер төгіп, әріптестерінің алғысына бөленген жан.

Әбенов Б.Қ. тәрбие жұмысымен көп айналысады – факультеттегі өзі құрған Қасым Аманжолов атындағы әдеби-шығармашылық бірлестік пен «Атамекен патриоттары» рухани-қоғамдық ұйымының жетекшісі және ұзақ жылдар авторлық «Мехматтағы музыкалық кештер» жобасын жүргізіп келеді. Осы құрылымдар аясында университеттің білім алушылары мен қызметкерлерінің танымал ақын-жазушылармен, көрнекті өнер мен мәдениет, құрметті қоғам және мемлекет қайраткерлерімен, театр және кино актерлерімен, музыкалық ұжымдар мен жеке орындаушылармен әдеби-танымдық шығармашылық кездесулер ұйымдастырып, студент жастардың творчестволық толысып, өнерлерінің өсуіне оң ықпал жасап жүр.

Болат Құсайынұлы жастармен тығыз байланыста, студенттер мен магистрантардың «Сұңқар» кәсіби одағымен бірігіп көптеген шаралар ұйымдастырып келеді. Сол үшін бұған дейін «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері мен магистранттары «Сұңқар» кәсіби одағының 20 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен, қалтқысыз пәрменді қоғамдық қызметі үшін КСРО Жоғары білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының мақтау қағазымен марапатталған. «Бұған дейін алған марапаттарымның ішіндегі маған ең ыстығы – студент жастар өздері қалап, ұсынып тәрбиеші-ұстаздар арасынан бірінші болып мені марапаттаған университет студенттері мен магистранттарының «Сұңқар» кәсіби одағының мерейтойлық медалі екенін жасыра алмаймын» – дейді мерейтой иесі.

Еңбегіңіз жана берсін, тәлімгер-ұстаз!