shugyla-raduga.kz

08.05.2019

Көрулер: 913

ҚазҰУ – мүмкіндіктер мекені.

17.04.2019

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – Қазақстандағы ең ауқымды, көшбасшы университеттердің бірі. Биыл университетке 85 жыл толып отыр. Оқу ордасында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк қызмет атқарады.

Сондай-ақ 2000-нан астам профессор, доктор, ғылым кандидаттары, 30-ға жақын Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерлер, 30-дан астам мемлекеттік және атаулы сыйлықтардың лауреаттары, 40-қа жуық жас ғалымдар сыйлығының лауреаттары мен 45 мемлекеттік ғылыми стипендиялардың стипендианттары еңбек етеді. Университет құрылғаннан бастап еліміздің дамуына өз үлесін қосып келеді. Білім сапасы жоғарғы деңгейде, сонымен қатар QS World University Rankings халықаралық рейтингісінде 216шы орынға табан тіреген. Студенттердің бос уақыттарын тиімді пайдалануына әртүрлі үйірмелер ашылған. Бұдан бөлек “Көмек” қоғамдық қоры, “Сұңқар”, “Студенттер кеңесі” ұйымдарының студенттердің рухани дамуына берер тәлімі орасан. Олар балалар үйіне барып сабақтарына көмектеседі, қарттар үйінде қарттарға қуаныш сыйлайды және көпбалалы аналарға ақшалай көмек көрсетеді, жәрмеңкелер ұйымдастырып тұрады. Жастардың осындай пайдалы іспен айналысуы Қазақстанның жарқын болашағының кепілі деп білемін. Оқу ордасы заман талабына сай жабдықталған. Әсіре се әл-Фараби кітапханасы Орта Азиядағы жоғары оқу орындары арасындағы ең үлкен кітап қорына ие мекеме. Бүгінгі таңда кітапхана қорында 2 миллионнан аса кітап бар. Кітапханада концерттер, көрмелер, бітірушілерге диплом табыстау, тағы басқа ғылыми және қоғамдық маңызы бар жиналыстар өткізіліп тұрады. Жыл сайын конференциялар, кең көлемде іс-шаралар ұйымдастырылады. Жалпы, мұнда келген студенттің білікті маман болып қалыптасуына барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, оқу үлгерімі жоғары, белсенді студенттерді білім гранттарымен қамтамасыз етеді. Мен бұл университеттің ақылы бөліміне түскен едім. Оқуды бірінші орынға қойып, аянбай еңбек еткенімнің нәтижесінде грантқа ауыстым. Мен бұл мүмкіндіктерге толы университетте тегін оқып жатқанымды мақтан тұтамын.

 

Фатима ҚОЗЫБАҚОВА, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, жетекші.

Малика АБДЫҒАЗИЗОВА, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті.