massaget.kz

08.05.2019

Көрулер: 1048

ҚазҰУ-ым киелі мекенім

09.04.2019

Талай  алтын ұя мектебінен түлеп ұшқан түлектердің  асқақ арманына айналған  әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің білімгері  атану  мүмкіндігі бұйырды.  Алғаш келген кезімде атына заты сай, тарихқа толы қалашық менің жүрегімді бірден жаулап алған болатын. Білектегі күшіне емес,біліміне, дарыны мен өнеріне сенетін ізденімпаз жастардың ордасында жаңа өмірге араласып, студенттік өмірім басталып та кетті.

Міне, бүгінде қара шаңырақтың құрылғанына 85 жыл толып отыр. 1934 жылдың 15 қаңтары Қазақстандағы тұңғыш көп салалы университеттің ресми ашылған күні болып саналады. Сол күні оқытушы-профессорлар құрамы туралы бұйрыққа қол қойылып, алғашқы студенттерді қабылдау басталған. Университет құрылғаннан күннен бастап Қазақстанның әлеуметтік-саяси өміріне және экономикасына зор үлес қосып келеді. Бүгінде ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім беру кеңістігінде өзінің лайықты орнын алып, жоғары білім саласындағы әлемдік көшбасшы университеттің біріне айналды.

ҚазҰУ – сапалы білім берумен қатар, іргелі ғылымды дамытуға да үлкен үлес қосып келе жатқан жоғары оқу орны.  Университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк қызмет атқарады: 2000-нан астам профессор, докторлар, ғылым кандидаттары мен философия докторлары, 100-ден астам академиялардың академиктері, 30-ға жақын Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерлері, 30-дан астам Қазақстан Республикасының мемлекеттік және атаулы сыйлығының лауреаттары, сондай-ақ 40 жас ғалымдар сыйлығының лауреаттары мен 45 мемлекеттік ғылыми стипендиялардың стипендианттары еңбек етеді. Университетте 25 мыңнан астам студент пен көпсалалы жоғары кәсіби білім жүйесі бойынша магистранттар білім алуда. Сондай-ақ заманауи халықаралық білім бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша әлемнің ең ірі 400-ден аса халықаралық жоғарғы оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан. Қазіргі кезеңде ҚазҰУ-дың басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Президенті алға қойған әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруге өз үлесіңді қосу және әлемнің ең үздік 200 университетінің санатына ену, - дейді университет ректоры  Ғ.Мұтанов «Биік асулар жолында» атты мақаласында. Қара шаңырақ оқу ордасы бүгінгі заман талабына жабдықталған бірден-бір оқу ордаларының бірі. Спорт, мәдениет, қоғамдық шаралар, ғылым, білім беру және инновациялық өндіріс интеграциясы бойынша алдыңғы қатарда десек қателеспейміз. Әр ізденген жастың талабын тауға қарай домалатар барлық жағдай жасалған. Талай қияға самғаған дарындарды түлеткен Ө.А.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, «әл – Фараби» кітапханасы, интернет орталығы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, әскери кафедра, студенттер үйі тағысын тағылар.

Сондай – ақ университетте студенттердің көшбасшылық қабілеттерін, ұйымдастырушылық қасиеттерін дамыту мақсатында Жастар ұйымдары комитеті жұмыс істейді. Оның құрамына «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы, студенттер Сенаты, «Көмек» қоғамдық қоры, Болон үдерісі бо­йынша студенттік бюро, Студенттердің ғылыми қоғамы, «Жас Отан» жастар қанаты, Жоғарғы студенттік кеңес кіреді. Қазіргі уақытта университеттегі барлық мерекелік іс-шаралар тікелей аталған ұйымдардағы студент жастардың қатысуымен өтеді.

Қорыта келе, ҚазҰУ- де студенттердің сапалы білім алып, саналы әрекет етуі үшін бар жағдайлар қолға алынған. Өткен 85 жылда қара шаңырақтан талай тұлғалар түлеп ұшты әлі де ұшарына нық сенімдімін. Өйткені ҚазҰУ – мүмкіндіктер мекені.

 

            әл – Фараби атындағы ҚазҰУ

            Ғылыми жетекшісі: тарих ғылымдарының профессоры Ф.А.Қозыбақова

            Дайындаған: Филология және әлем тілдері факультетінің студенті Өтегенова Елдана