ҚАЗҰУ ӘЛЕМНІҢ ЕҢ ҮЗДІК 200 УНИВЕРСИТЕТТЕРІНІҢ ҚАТАРЫНА ЕНДІ

10.06.2020

Көрулер: 1427

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Елбасы Н.Ә.Назарбаев тапсырған және Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына енгізілген 2020 жылы әлемнің ең үздік 200 жоғары оқу орындарының қатарына кем дегенде 2 қазақстандық ЖОО-ның кіруі міндетін абыроймен орындап шықты.Қазақстандық университет QS жаһандық рейтингісінде 165-орынға көтеріліп, феноменалды серпіліс жасады. ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім кеңістігіндегі өзінің әлемдік көшбасшы университеттер қатарында екендігін дәлелдеді.

Жаһандық ең танымал және беделді Quacquarelli Symonds (QS) рейтингтік агенттігі әлемнің жоғары оқу орындары бойынша зерттеудің биылғы жылғы нәтижелерін жариялады. QS аналитикалық есебінде атап өтілгендей, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 42 орынға ілгерілеп, жаһандық рейтингте 165-орынды иеленді және «әлемнің ең үздік 200 университеттерінің қатарына енген алғашқы қазақстандық жоғары оқу орны болды». Посткеңестік елдерден тек екі университет қана осы топқа еніп отыр – М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.

Қазақ ұлттық университетінің әлемдік білім беру кеңістіктігіндегі көшбасшылық деңгейі басқа да халықаралық рейтингтік агенттіктерде көрініс табуда. ҚазҰУ әлемдегі үздік 200 экологиялық және ең озық технологиялық университеттердің үздік 50 тобына кіреді. Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палатасы рейтингінде ҚазҰУ «АА+» бағасын иеленіп, жетекші еуропалық жоғары оқу орындарының қатарына енді. Барлық осы жетістіктер арқасында ҚазҰУ түркі және ислам әлеміндегі ең үздік университет ретінде танылды.