Домбыра үйірмесі

Бабамыздың жырысың сен домбыра

Даламыздың сырысың сен домбыра

Ш.Сариев

Халқымыз ерте заманнан әндері мен күйлерін, асыл мұра ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, көзінің қарашығындай сақтап келген. Өнердің ең жоғарғы түрі, ең саңылағы, ең әулеттісі де – халық өнері, яғни жылдар өтсе де мұқалмай сыны қашпай сақталып келе жатқан – халық қазынасы. Халық қазынасы, ол – домбыра мен қобыз, егіз өнер, қос өнер. Халқымыздың ішкі жан-дүниесінің, арман мүддесінің, болмысының сырын үнімен жеткізетін мол мұрасы.

Студенттер клубында домбыра мен қобыз аспабын насихаттау, үйрету арқылы, жастарды рухани тәрбиелеу, ұлттық үрдістерімізді олардың бойына сіңіру, өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында домбыра үйірмеcі жұмыс істейді.

Домбыра үйірмесін облыстық көркемөнерпаздар байқаулары бойынша ән мен күй номинацияларының лауреаты Зита Сванбаева басқарады. Үйірмеде 60 домбырашы бар. Зита шәкірттеріне домбырада ойнау шеберлігінің қыр-сырын, осы бір аспапта туған даланың күйін тамылжыта орындауды үйретеді. Танымал ұлттық аспаптарға ойнауға қызығушылар мен оны бағалаушылардың басын біріктіреді. 2009 жылы домбыра үйірмесінің дарынды студенттері Қазақстанның ұлттық жастар Дельфий ойындарының қалалық турына қатысты. «Ұлттық аспаптар» номинациясы бойынша халықаралық қатынастар факультетінің студенті Анесов Ерғали бірінші, заң факультетінің студенті Мұхамеджанов Әлібек екінші, механика-математика факультетінің студенті Өмірбеков Марат үшінші орындарға ие болды. Аталған домбырашылардан биылғы жылы ансамбль құрылды, репертуарында, атап айтқанда Малғаджардың күйі «Талас», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлері бар. Ең таланты және дарынды студенттердің репертуарында 20-ға жуық халық және Қазақстан композиторларының күйлері мен шығармалары бар.

2010 жылдың желтоқсан айында елімізде ЕҚЫҰ – ның өтуіне байланысты, сонымен қатар Тәуелсіздігіміздің мерейтойына орай үйірме студенттері Анесов Ерғали (халықаралық қатынастар факультеті) мен Қазанғап Асқабек (журналистика факультеті) домбырамен қазақ күйлерін орындап, ұлттық аспабымыздың құдіреттілігін дәріптеп, Израил мемлекетінде шетелдіктерді таңғалдырып қайтты. Онда олар қазақ халық және қазақ композиторларының күйлері мен әндерін өзге ұлттың көрермендеріне паш етіп қайтты. Домбырашылардың жеке орындауы немесе олардың оркестр құрамында өнер көрсетулері көрермендердің қызығушылығын тудырады. Жас музыканттар университетіміздің барлық мерекелік іс-шараларына белсене қатысады. Биылғы оқу жылында 1-курс студенттерінің арасынан 30-ға жуық домбырашы студенттер үйірмеге алынып, оның 15-і оркестр құрамына қосылды.

Домбыра, қобыз, вокал және "Бахыт" би ансамблінің студенттері Израильде

Домбыра үйірмесінің студенттері