“Фараби сазы” ұлт-аспаптар оркестрі
“ФАРАБИ САЗЫ” ҰЛТ-АСПАПТАР ОРКЕСТРІ
«Фараби сазы» оркестрі ең алғаш 1997 жылы қыркүйек айынан бастап өнерлі студент жастардан құрылды.
Дарынды музыканттардың жетекшісі - республикалық байқаулардың жеңімпазы, Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойына арналған қазақ ұлттық аспаптары оркестрлерінің байқауында Бас жүлде иегері, ҚазҰУ-дың 75-жылдығына арнайы жасалған төс белгісімен марапатталған, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Болатқали Қажыбекұлы Әмірханов.
1999-2000 жылдары қалалық «Студенттік көктем» фестивалінде оркестрлер сайысы бойынша 1-орын және бас жүлдені иеленген.
Оркестр - құрамында 150 ге жуық мүшесі бар, бүгінде өзіндік репертуары қалыптасқан, шыңдалған ұжым. Құрманғазының «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай», «Айжан қыз», Дәулеткерейдің «Көроғлы», Сүгірдің «Ыңғай төк», Түркештің «Көңілашар» күйлері мен халық әндерін, Қазақстан сазгерлерінің шығармаларын (Н.Тілендиев «Көшкеруен», «Ата толғауы») орындайды. 2007 жылы Мәскеу қаласында, 2008 жылы қыркүйек айында Астана қаласында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінде 20 адамнан тұратын ансамбльмен өнер көрсетіп қайтты. 2009 жылы қалалық «Алматы жастар қаласы» фестиваліне үйірме студенттері қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Оркестр репертуарын әрдайым жаңа шығармалармен, күйлермен жаңартып отырады. 2008-2009 оқу жылында 40-60 студент, 2009-2010 жылдар аралығында 60-75 студент оркестрге үнемі қатысып, жылдан-жылға құрамын толықтырып отырады.
Негізгі мақсаттары:
- студенттерді ұлттық өнерге және мәдениетке баулу;
- қазақ композиторларының шығармаларын және халық музыкасын жастардың арасында насихаттау;
-шынайы өнер арқылы тәрбиелі де мәдениетті мамандар даярлау;
- аспаптарда жақсы ойнайтын студенттерді іріктеп, олармен тығыз жұмыс жасау.
2010-2011 оқужылы 1 курс студенттерінің арасынан 40-қа жуық студент үйірмеге алынып, оның 20-сы оркестр құрамына қосылды.







