"Коммуникацияны тиімді басқару" трейнингі

 

2023 жылдың 29 қыркүйегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Философия және саясаттану факультетінде Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру аясында саясаттанушылар, конфликтологтар, әлеуметтанушылар, мәдениеттанушылар және дінтанушыларға арналған «Коммуникацияны тиімді басқару» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Іс-шара Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасының қаржылық қолдауымен өтуде. Спикер: Алматы қаласының Азаматтық Альянсы төрағасы Әбдіхалықов Қайыржан Саясатұлы. Шақырылған қонақ дәріскер: саясаттанушы Қаражанов Замир Ануварович. 


Философия және саясаттану факультетінің деканы Мейрбаев Бекжан Берікбайұлы өзінің алғысөзінде бұл семинардың қажетті, әсіресе цифрландыру жағдайындағы маңыздылығын атай отырып, «Біз Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасына, Алматы қаласының Азаматтық Альянсына қолдау көрсеткендері үшін алғысымызды білдіреміз. Еліміздің азаматтарының тиімді коммуникациялық құралдарды пайдалануы Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға ықпал етеді» деді. 

Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының меңгерушісі Насимова Гүлнар Өрленбайқызы «Оқу барысында біздің студенттер коммуникация бойынша бірқатар пәндерді тыңдады. Дегенмен, бүгін олар коммуникацияның тәжірибелік дағдыларын алды» дей отырып,  бүгінгі семинардың өзектілігін атап өтті. 


 

Студенттер коммуникация процесінің мазмұны, коммуникация тиімділігін арттыру принциптері, ақпараттарды беру және қабылдау мәселелері туралы білімдерін тереңдете түсті.  Семинар-тренинг барысында жұмыс тиімді коммуникациялық құралдарды іс жүзінде қолдануға және байланыс арналарын басқаруға бағытталды. Мемлекеттік органдар мен халық арасындағы коммуникацияға ерекше көңіл бөлінді.

Семинар-тренингке қатысқан барлық студенттерге сертификаттар табысталды.


Басылым күні :  02.10.2023