Әбіш Кекілбаев

 

"Қазақ университеті" баспа үйі дайындаған "Өнегелі өмір" сериясының 71-шығарылымы Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевқа арналады.
Ол – қара шаңырақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың түлегі. Жазушы өзі білім алып, дүниеге көкірек көзін ашқан жоғары оқу ордасы жайында: "Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарихы – ұлттық есеюіміз бен кемелденуіміздің тарихы. Университет тек жеткіншек ұрпақтарды ғана емес, бүкіл ұлттық болмысты уақыт аңғарында дұрыстап бағыттай білетін жетекшілік қызметті атқарады. Асқаралы Алатаудың баурайында орын тепкен білім ордасының бүгінгі күндері ерекше мерейленіп тұрған асыл босағасына әбден разы боп, алғыспен қарайтын адамдар көп. Солардың бірі – бір кездері университет қақпасынан қобалжи аттаған бала шәкірт менмін. Ақбурыл тартқан басымды жерге жеткенше иіп: «Дүние тұрғанша тұр, аялы алтын ұям!» деймін" деп толғанады.
Әбіш – қазақ руханиятына соны леп әкелген қаламгер. Әлем әдебиетіне қосқан үлесі де ұшан-теңіз. Германияның "Volk und Welt" бағдарламасы ХХ ғасырдың жаһанға белгілі 100 жазушысының тізімін жариялаған, оның ішінде Әбіш Кекілбаев есімі аталуы сөзімізді қуаттайды. Әлгі жүз қаламгер бейнеленген фотоколлаж кітаптан орын алған.
абиш

Басылым күні :  22.01.2016