ҚазҰУ-ға Куба Республикасынан делегаттар келеді

19.10.2015

Көрулер: 3349

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Куба Республикасының Министрлер Кеңесінің және Мемлекеттік Кеңес төрағасының ғылыми істер жөніндегі кеңесшісі Фидель Кастро Диас-Баларт ресми сапармен келеді.

Сапардың мақсаты: ҚР мен Куба арасында ғылым мен жоғары технологиялар, атом энергетикасы мен нанотехнологиялар саласында әріптестік мүмкіндіктерін зерттеу. Осыған орай Фидель Кастро әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу институттары мен лабораторияларын көріп шығады. Сонымен қатар алдағы уақытта әріптестік орнату үшін университет ғалымдарымен кездеседі.

Делегация құрамында Фидель Кастро Диас-Баларттың өзі және жұбайы Мария Виктория Барреиро Давалос пен көмекшісі Дуглас Пардо Mесиа болады.

Ресми сапар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановпен кездесуден басталады. Кездесуде кубалық дипломат ЖОО ректорымен екіжақты тиімді әріптестік мәселелерін талқылайды. Содан соң делегация әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу институттары мен лабораторияларын аралап, университет ғалымдары дайындаған жаңа ғылыми жұмыстармен танысады.

Қазақстан мен Куба Республикасы арасындағы білім және ғылым саласындағы әріптестіктің 20 жылдық тарихы бар. Ол 1995 жылы Кубаның астанасы Гаванада ғылым мен мәдениет саласындағы әріптестікке қол қойылған кезден бастау алады. Сонымен қатар, жақында ғана ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Куба Республикасының жоғарғы білім беру министрлігі арасында білім беру саласындағы әріптестік жөніндегі Меморандумға қол қойылды. Жасалған келісімшарттар негізінде ЖОО оқытушылары мен студенттеріне екіжақты тәжірибе алмасуға жағдай жасалды.