ҚазҰУ-да «Студенттер қатарына қабылдау» кеші өтеді.

17.09.2015

Көрулер: 3862

ҚазҰУ-да 18 қыркүйек күні бірінші курс студенттеріне арналған маңызды мерекелік іс-шаралардың бірі - «Студенттер қатарына қабылдау» кеші өтеді.

Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайының алаңында мерекелік бағдарлама өтеді. Ұйымдастырушылар бірінші курс студенттеріне арналған маңызды мереке аясында көрермендерге ғажайып көріністер көрсетіп, Қазақстанның интеллектуалдық элитасын дайындайтын қара шаңырақ ҚазҰУ жетістіктері жайында баяндайды.

Салтанатты іс-шарада университет басшылығы, Ақсақал кеңесінің мүшелері, оқытушылар, студенттер мен түлектер қатысады. Бірінші курс студенттері осы мерекенің басты қонақтары. Олар: мемлекеттік білім грант иегерлері ,«Алтын белгі» медалінің, республикалық және халықаралық олимпиада, ғылыми конкурстар жүлдегерлері мен халықаралық деңгейдегі спорт шеберлері.

«Студенттер қатарына қабылдау» мерекесі игі дәстүрге айналды. Ректордың құттықтау сөзі мен тілегі жаңа оқу жылының басты іс-шарасының бастауы ретінде болады. Дәстүр бойынша университет ректоры Ғ. Мұтанов 1 курс студенттеріне арналған символдық «Сынақ кітапшасын» және «Білім кілтін» тапсырады. Сонымен қатар, бірінші курс студенттері жоғары курс студенттерімен, ғалымдар мен түлектермен танысуға мүмкіндік алады. Кеш соңында университет вальсы орындалады. Студенттер сарайының аумағы әдемі де сәнді жұптармен толып, өздерінің алғашқы университет вальсын орындайды.

ҚазҰУ еліміздің барлық аймағынан, алыс және жақын шетелден келетін, он сегіз мың студент оқитын еліміздің ең ірі университеті болып табылады.

Университетте 14 факультетке бөлінген 180 мамандық бойынша бакалавр, магистратура және докторантура мамандарын дайындайды. ҚазҰУ өзінің 80 жылдық тарихында еліміздің экономикасына, мәдениетіне, ғылым және білім беру жүйесіне зор үлесін қосты. Жоғары білім беру сапасы, халықаралық мойындауға ие болу, белсенді ғылыми зерттеу, инновация, мықты оқытушы-профессорлық құрамы мен дарынды түлектері - ҚазҰУ-дың шын мәнінде мақтанышы болып табылады.

Өткізілетін орны мен уақыты: 18 қыркүйек, 17: 30 Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының алаңы.


ҚазҰУ баспасөз қызметі