Шығыстану факультетінде ТҮРІКСОЙ кафедрасының ашылу салтанаты өтеді

04.03.2015

Көрулер: 4029

2015 жылдың 4 наурызында сағат 15:00-де әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде (Алматы қаласы, Қарасай батыр көшесі, 95) «ТҮРІКСОЙ» халықаралық ұйымының қолдауымен «Алматы – ислам мәденитінің астанасы-2015» бағдарламасы аясында ТҮРІКСОЙ кафедрасының ашылу салтанаты өтеді. Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) құрылғанына 20 жыл толуына орай өткізіліп отыр.

ТҮРІКСОЙ кафедрасы Қазақстан мен түркі елдері арасындағы тағы бір көпір болмақ. Оның қызметі түркі халықтарының тілдерін, мәдени интеграция мәселелерін, әлеуметтік-экономикалық және саяси процестерін зерттеу орталығы болады.

ТҮРІКСОЙ кафедрасының басты бағыттарының бірі тілтану, әдебиеттану, тарих, саясаттану, философия, мәдениеттану саласында түрлі зерттеу жүргізуші жоғары білікті оқытушылар мен ғалымдардың көмегімен түркітану саласында бәсекеге қабілетті маман даярлау болып табылады.

Кафедраның ашылу салтанатына «ТҮРІКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қазақстан Республикасындағы Түркия, Әзербейжан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстанның елшіліктері мен консулдықтарының қызметкерлері, Алматы қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған түркітілдес этномәдени бірлестіктер, сонымен қатар, ҚазҰУ ғалымдары, оқытушылары мен студенттері қатысады.

Алматы қаласында түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы («ТҮРІКСОЙ») 1993 жылдың 12 шілдесінде түркітілдес елдердің басшылығымен құрылған. «ТҮРІКСОЙ» құрамына егеменді елдер, федералды субъектілер және автономды аймақтар кіреді, жалпы 16 қатысушысы бар.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі