Зұлқайыр Мансұровтың 75 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтеді

22.06.2021

Көрулер: 1857

26 маусым күні Әл-Фараби ғылыми кітапханасында (4-қабат) Қазақстан Республикасының ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ЖМ ХҒА академигі Зұлқайыр Аймұхаметұлы Мансұровтың 75 жылдығына арналған «Қазақстандағы химиялық физика және нанотехнологияның дамуы» атты дөңгелек үстел өтеді.

З. А. Мансұров – жану процестерінің химиялық физикасы, нанотехнологиялары және олардың қолданбалы аспектілері саласындағы көрнекті ғалым. Автор 700-ден астам ғылыми мақалалар мен тезистер, 5 монография, 6 оқулық, 30 авторлық куәлік және КСРО мен ҚР патенттерінің иегері. Ғылыми жетекшілігімен 39 кандидаттық, 8 докторлық және 10 PhD диссертациялар қорғалған.

З. А. Мансұров «Ғылым мен нанотехнологияның дамуына қосқан үлесі үшін» ЮНЕСКО-ның беделді марапатын алған Қазақстанның тұңғыш ғалымы. Зұлхаир Аймұхаметұлы Мансұров ұзақ жылдар Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде, оның ішінде 15 жылдан астам проректор болып жұмыс істеді. Профессор Мансуровтың жетекшілігімен соңғы жылдары айналысып жүрген зерттеулері экологиялық, медициналық және ауыл шаруашылығында практикалық қолдануға бағытталған наноматериалдарды синтездеу саласына қатысты. Олар нанотехнология саласындағы отандық мектептің қалыптасуы мен дамуын куәландырады. Фуллерендер мен графендерді синтездеуге арналған жаңа тәжірибелік мәліметтер негізінде көмірсутекті отынның кез-келген түріне арналған күйе түзілудің толық сызбасы жасалды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қалдықтары негізінде әртүрлі функционалдық мақсаттағы нанокөміртекті материалдар әзірленді. Титан және алюминий қорытпаларынан бұйымдар алу үшін металдардың 3D-принтинг бойынша жұмыстар сәтті басталды.

Профессор З.А. Мансұровтың ғылыми қызметінің нәтижесі ғылым мен техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығы, «Төмен температуралы салқын жалындағы күйенің түзілу құбылысы» атты ғылыми жаңалығы үшін Қ. Сәтпаев атындағы сыйлық, «Құрмет» ордені және Ресей Федерациясы жоғары мектебі ғылым академиясының «Жоғары мектепке сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталуы болып табылады.

З. А. Мансұровтың 75 жылдық мерейтойына орай «Ғибратты ғұмыр» атты жинақтың алғашқы шығарылымы жарық көреді. «Ғибратты ғұмыр» атты кітаптар сериясы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өскелең жастар үшін өнеге мектебі болатын өресі биік тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, көрнекті ғалымдар мен ұлағаты мол ұстаздар, Қазақстан Республикасының ғылымы мен білімін ұйымдастырушылардың өмірі мен шығармашылығын баян ететін кітаптар сериясы болып табылады.

 

Дөңгелек үстелдің өтетін уақыты мен орны: 26 маусым 2021 жыл

Іс-шараның басталуы сағат 10:30

Әл-Фараби атындағы Ғылыми кітапхана (4-қабат)

 

 

 

Дөңгелек үстелдің өтетін уақыты мен орны: 26 маусым 2021 жыл

Іс-шараның басталуы сағат 10:30

Әл-Фараби атындағы Ғылыми кітапхана (4-қабат)