Наурыз мейрамы
Көрулер: 2001
13 сәуір күні Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да халықаралық Наурыз мерекесі тойланады. Орасан зор шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының екі жылдық мерейтойына және Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жүзеге асыруға арналады.
Салтанатты мерекелік шара сағат 10.00-де дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдар басшыларының, көрнекті қоғам қайраткерлері мен ҚазҰУ ғалымдары мен студенттерінің қатысуымен алма бағы отырғызудан басталады.
Сағат 11.00-де Студенттер сарайының алдындағы әл-Фараби алаңында «Ұлы даланың жеті қыры» атты Елбасы мақаласының желісі бойынша университеттің көркем ұжымы дайындаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты музыкалық-театрландырылған қойылым өтеді. Бағдарламада қазақ даласының ұлы жетістіктері: атқа міну мәдениеті, ежелгі металлургия және аң стилі, Алтын адам және Ұлы Жібек жолы, Қазақстан Түркі әлемінің бесігі ретінде – ұлы ойшылдар мен ғалымдардың, алма мен қызғалдақтың отаны екені және қазақ мәдениетінің дәстүрлері көрсетіледі.
Кампус аумағында 25 киіз үйден тұратын этноауыл болады. Мереке қонақтары мен қатысушылары ұлттық тағамдар мен дәстүрлі наурыз көжеден дәм татып, алтыбақан теуіп, ұлттық ойындар мен спорттық жарыстарға қатысып, қазақтың салт - дәстүрлері – «Тұсау кесу», «Шашу», «Қыз ұзату» және басқа да ойындарды тамашалай алады. Сонымен қатар, кітап жәрмеңкесі, мерекелік сауда және қолданбалы өнер шеберлерінің туындылары көрсетіледі.
Өтетін орны: Алматы қаласы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.
- алма бағын отырғызу – «Технопарк» (кампусқа Тимирязев көшесі жағынан кіру)
- музыкалық – театрландырылған қойылым – ректорат алдындағы алаңда.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
8 (727) 377 3148, ұялы байл. +7 701 397 3404






