«Латын әліпбиін енгізудің ғылыми-ұйымдастырушылық міндеттері» семинар-кеңесі өтеді

22.08.2018

Көрулер: 2711

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 2018 жылғы 25 тамыз күні Алматы қаласында «Латын әліпбиін енгізудің ғылыми-ұйымдастырушылық міндеттері» атты семинар-кеңес өтеді.

Семинар-кеңестің мақсаты – латын графикасына негізделген қазақ тілі емле ережелерінің жобасын таныстырып, ғылыми талқыға салу, сондай-ақ жаңа емле ережесі жобасы сынамасының алғашқы кезеңде алынған нәтижелерін қорыту.

Семинар-кеңесте А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкерлері, ф.ғ.д., профессор Нұргелді Уәли мен ф.ғ.д., профессор Айманкүл Алдаш және өзге де ғалымдар өзекті мәселелер төңірегінде баяндама жасайды. Профессор Н.Уәли жаңа емле ережелерін жасауда басшылыққа алынған ғылыми принциптер, емленің бағыты, мазмұны жайлы сөз қозғаса, ғалым Айманкүл Алдаш жаңа емленің құрылымын таныстырып, жаңа емле түзуде қолданылған негізгі тілдік механизмдер мен модельдер жөнінде баяндайды. Сондай-ақ ісшара барысында Қазақстанның түрлі өңірлерін қамтыған бастапқы емле ережелері жобасын сынамадан өткізудің алғашқы нәтижелері және жаңа емледегі жаңалықтар, жаңа емлені оқыту әдістемесі жайлы, термин сөздерді таңбалаудағы мәселелер туралы сөз етіледі.

Ісшараға Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтарының, терминология және ономастика комиссиясының мүшелері, жетекші тілтанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысады.

Өтетін орны: Алматы қаласы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бас ғимараты, мәжіліс залы, 15-қабат

Басталуы: сағ: 10.00

Байланыс телефондары: 8 (7172) 408397, 87075333873